Зеленский Ресей әскеріне арнайы үндеу жолдады

Ресеймен келіссөздер бүгін жалғасады. Бұл туралы Украина президенті жаңа жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Владимир Зеленский Ресеймен соғысты аяқтау, әділ бейбітшілік орнату туралы келіссөздердің бір бөлігі ретінде Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен, Польша, Люксембург және Израиль басшыларымен сөйлескенін айтты. Бұдан басқа, ол Ресей әскеріне арнайы үндеу жолдады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Біздің делегация Ресей тарапымен келіссөз жүргізу бойынша қызу жұмыс істеп жатыр. Бәрі өте жақсы. Әрі қарай қалай болатынын көреміз. Ресей офицерлері мен сарбаздары! Мені өте мұқият тыңдаңдар! Сендер қазірдің өзінде жағдайды жақсы түсіндіңдер. Сендер Украинада ештеңе ала алмайсыңдар. Тек адам өмірін ғана аласыңдар. Өздерің де құрбан боласыңдар. Бірақ өмірлеріңді не үшін қиясыңдар? Тірі қалғыларың келеді, оны мен жақсы білемін. Сондықтан сендерге аман қалуға мүмкіндік беремін. Біздің әскерге беріліңдер! Таңдау сендерде!

В. ПУТИН: РЕФОРМАЛАР ЭКОНОМИКАҒА ОҢ ӘСЕРІН ТИГІЗЕДІ ДЕП ҚАТТЫ ҮМІТТЕНЕМІН

Ресей президенті Владимир Путин премьер-министрдің орынбасары Дмитрий Григоренкомен кездесті. Олар санкцияларға қарсы саясат аясында экономикалық реформа жүргізу барысын талқылады. Григоренко қазір бизнес үшін ең құнды ресурс – уақыт екенін айтып, бұдан былай кәсіпкерлер орынсыз тексеріс бойынша шағымын электронды портал арқылы бере алатынын және аталған арыз 20 күннің ішінде тез қаралатынын жеткізді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Бұл өте маңызды қадам. Аталған мәселені қарастыруға бірнеше жыл кетті. Жаңа реформалар экономикаға оң әсерін тигізеді деп қатты үміттенемін.