Украинада тоғыз бағыт бойынша гуманитарлық дәліз ашылады

Бұл туралы елдің вице-премьері Ирина Верещук мәлімдеді. Жасыл дәліздер Донецк, Киев және Харьков облыстарында ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейбіт тұрғындар эвакуацияланады. Сонымен қатар мұнда гуманитарлық көмек жеткізілуі тиіс.

– Біз өзімізбен бірге көрпе секілді заттарды ғана алып үлгердік те, жертөледе тығылып отырдық. Мен жарылыстан кейін үйде тағы бірдеңе қалды ма екен деп сонда барып едім. Жан-жақта адамдардың жансыз денелері жатыр. Оларды алып кетпегеніне 7 күндей боп қалды. Иісі шыға бастаған.

– Біз жарық, жылу мен сусыз 2 апта бойы жертөледе жасырынып отырдық. Мен медицина қызметкерімін. Қолыма қараңыздаршы.

Бүгін гуманитарлық дәліз ашылуы тиіс елді мекендердің қатарында Мариуполь де бар. Қала мэрінің орынбасары – Сергей Орловтың айтуынша, шаһар 80-90 процентке қирап қалған. Ол «бүлінбеген бірде бір ғимарат қалмады» дейді. Мэр орынбасары қалада 2 мың 300 адамның көз жұмғанын мәлімдеді. Сондай-ақ қазір су тапшы екенін де айтты.