НАТО-ның әуе базасы құрылып жатыр

Албанияда кеңестік дәуірден қалған ескі әуе базасы НАТО-ның әскери нысанына айналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, ел астанасынан 85 шақырым жердегі Кучовье әуе базасын қайта құру ісі қаңтарда басталған. Онда әскери операциялар жұмысын үйлестіру хабы жасақталып, заманауи атқыш ұшақтар орналастырылмақ. Осыған орай НАТО-ның Сатып алуды қолдау агенттігі ұшып-қону жолақтарын, жанармай және оқ-дәрі сақтайтын қоймаларды жаңарту мақсатында 50 миллион еуро бөлуге уәде берді. Жаңартылған база 2023 жылға дейін толық іске қосылады деп жоспарлануда. Кучовье қаласы коммунистік режим тұсында «Сталин» деп аталған болатын. Албания НАТО құрамына 2009 жылы қосылған.

Виктор Ванджели, бұрынғы ұшқыш:

- Қырғи-қабақ соғыс кезінде бұл әуе базасы белсенді түрде пайдаланылды. Ұшақтар күн құрғатпай ұшатын. Жаңа заманда біз АҚШ сияқты үлкен дос таптық. НАТО-ның базасы толық құрылған жағдайда, бұл нысанның экономикалық және әлеуметтік әлеуеті артып, еліміздің әуе күштері нығаяды.

Адриан Кули, полковник:

- Кучовье НАТО-ның осы Батыс Балқан аймағындағы алғашқы әуе базасына айналады. Заманауи инфрақұрылым жасақталады. Бұл бастаманы жергілікті халық толық қуаттап отыр.