Бакуде жаңару мерекесіне орай қайырымдылық жәрмеңкесі өтеді

Әзірбайжанда Наурыз мейрамына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Көктем мен жаңаруды айшықтайтын ұлы мерекеге бұл елде ерекше көңіл бөлінеді, деп хабарлайды  «Хабар 24».

Әзірбайжан жұрты наурызды қалай атап өтеді? Әзірбайжан елі наурыз мерекесін «Новруз-байрам» деп атайды. Оған дайындықты бір ай бұрын бастап, мерекені ерекше ықыласпен атап өтеді. Мерекелік шара қалалар мен ауылдарда мазмұнды әрі ауқымды деңгейде өтеді. Ал бас шаһарда әдетте қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады. 

Сабира Гараева, сәндік-қолданбалы өнер шебері:

– Наурыз біздің ұлттық-рухани құндылықтарымызды бейнелейтін мейрам. Бұл күндері біз ұлттық киім киіп, халқымыздың әндері мен билерін орындаймыз. Әр үйде мол дастархан жайылады. Баршаңызға тек жақсылық тілеймін.

Әли Әлиев, студент

Бүкіл түркі әлемін Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Өтіп жатқан жәрмеңке керемет көңіл-күй сыйлады. Әр отбасына, әр үйге бақыт пен тыныштық тілеймін. Соғыс, пандемия болмасын. Бұл мейрамның жоғары құндылықтары мен салтын сақтап қалған халқымыздың арасында достық пен ынтымақтастық нығая берсін.

Юсиф Зохралиев, Баку қаласының тұрғыны:

– Бакуға жақында ғана көшіп келдім. Осында тұрып жатқаныма 4 ай болды. Жаңа жылды да Бакуде қарсы алдым. Қалада мерекелік көңіл-күй сезіліп тұр. Наурыз дәстүрді дәріптеп, рух жаңғыратын мейрам.

Дәстүр бойынша наурыз мейрамында әзірбайжандар «тонгал» деп аталатын от жағады, одан жеті рет секіреді. Оттың үстінен секірген кезде адам бойындағы жаман энергия, ауру-сырқау кетеді деген сенім бар.

Мейрам күні кешке әзірбайжандар отбасылық ошақ басында жиналады. Жаңа жылда молшылық болу үшін үстелге түрлі ұлттық тағамдар қойылады. Мерекелік дастарханның басты асы – шекербура. Ол – ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті бәліш. Сондай-ақ мереке күндері әр шаңырақта міндетті түрде бидай сабақтары тұрады. Жасыл өскіндер табиғаттың жандануын білдіреді.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Камилла Джабарова, Айгюн Гасан

Сондай-ақ...