Түркия елі Наурыз мерекесін қалай тойлайды?

Наурызды Орталық Азия елдерімен қоса Анадолы жұрты да кеңінен атап өтеді. Бұл күнде халық оттан секіріп, халай тебеді.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Бауырлас түрік халқы да наурызды ұлтаралық сыйластық пен татулық мерекесі деп тойлайды. Мен биыл ұлыстың ұлы күнін Анкараның Этимесгут ауданының тұрғындарымен тойлап жүрмін. Анадолыдағы наурыз тойлау  бізден оттан секіру, темір балқыту секілді рәсімімен ерекшеленеді. Түрік жұрты, оттан секіріп, бәле-жаладан арнып,  жаңа жылға тап-таза кіруді мақсат етеді. Олай болса, біз де бұл дәстүрді жасап көрейік. Қайғымен басталған 2022 жылдың темір қақпасын отпен балқытып, жылылық пен жақсылықтың құтына айналдырайық.

Түркияның бас қаласындағы мерекелік шара Түркі тарихы саябағында өтті. Пандемия себепті екі жыл қатарынан тойланбай қалған наурыз тойына келушілердің қарасы қалың болды. Жиналған жұрт алақан ашып, жаңа жылдың берекелі болуын тіледі. Алдын- ала әзірленген оттан секіріп, балға ұрып, төс соқты.

Ахмет Доған, тұрғын:

- Наурыз - үш мың жылдан астам уақыттан бері тойланатын түркінің Орталық Азиядан Анадолыға жеткен дәстүрлі мерекесі. Көктемнің жаршысы деген мағына береді. Халықпен осылай шерулетіп тойлаймыз. Үйде болса, ұрпақтарымызға бұл күннің маңызды екенін түсіндіреміз. 

Дүбірлі думан Түркі тарихы мұражайында өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйытқысымен өткен шараға 15 мемлекеттен келген өнерпаздар мың құбыла би билесе, қоңыр дауысты әншілердің әуені тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Алаатин Сонат, Анкара этимесгут вице-мэрі:

- Түріктің, түркі дүниесінің төл мерекесі. Бабаларымыздың бізге мұра еткен береке мен бірліктің нышаны. Бүгін осында 15 мемлекеттен келген өнерпаздармен қоса Анкаралықтар наурызды атап өтті. Осындай шаралардың ұйымдастыру тарих алдында маңызды борыш деп білеміз.

Анадолыдағы наурыз тойы мұнымен шектелмейді. Алдағы он күн бойы әртүрлі аймақта Әз- Наурыз тойланып, мерекелік шаралар өтпек. Ал, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік тартуы Бурсада өтетін гала- концертпен өз мәресіне жетеді.

Меруерт Қанағат

Сондай-ақ...