Анадолы жеріндегі Ұлыстың ұлы күні. LIVE

Ұлыстың ұлы күнін Орталық Азия мен Иран елдерінен бөлек Анадолы жұрты да сән-салтанатымен өткізеді. Түркияда наурызға арналған мерекелік шаралар кешелі бері ұйымдастырылып жатыр. 

Түрік халқы Наурызды қалай тойлап жатыр? 

Меруерт Қанағат, тілші:

- Анадолыда наурыз айрықша тойланып жатыр. Бір апта бұрын Ушак қаласында басталған мерекелік шара бүгінгі думанға ұласты. Казір мен Анкараның ең ірі ауданы Кечиөрендегі этноауылдан байланысқа шығып тұрмын. Мұнда наурызға арналған концерт өтіп жатыр. Этноауылда түбі бір түркі халықтарының шатырлары да бой көтерді. Онда келушілерге түркітілдес халықтардың ұлтттық тағамдары таратылды. Мәселен, бұл жерде қазақтың наурыз көжесінің де дәмін татуға болады.  

Биязы Бурахан, Қазақстан азаматы:

- Қазақстаннан қаншалықты алыс болсақ та Түрік елінде осылай Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын деймін. 2 жыл пандемиядан кейін осылай Наурызды тойлап, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Осы іс-шара болатынын естіп, үйден бауырсақ, көжемізді ала келдік. Дүйім жұртты Наурыз мейрамымен құттықтаймын

 Меруерт Қанағат, тілші:

- Күллі түркіге ортақ Наурыз мейрамын Түрік халқы сонау Селджук мемлекеті мен Осман империясы тұсында да атап өткен. Бұл күнді туыстас жұрт Эргенөкен дастанымен байланыстырады. Аңыз бойынша көк түріктер Эргенөкенде ұзақ жылдар мекен еткен. Алайда ол жерді тар көрген халық көкбөрінің жол сілтеуімен айналасын қоршап жатқан темір тауды отпен балқытып, осы күнді жылдың басы деп атайды. Көрік басып, балға ұрып, төс соғу дәстүрі сол уақыттан қалған.

Ал бүгінгі наурызға арналған концерттік бағдарлама кешке дейін жалғасады. Мұнда түркі тілдес 15 мемлекеттің өнерпаздары өнерін ортаға салады.