Украина тартқан тауқімет

Украина мен Ресей арасында соғыс басталғанына бүгін бір ай. Екі елдің өзара қақтығысы өрши түспесе, бәсеңдей қойған жоқ. Шиеленістің шешімін табуда дипломатия да дәрменсіз қалды. Көрші, ұқсас тарих пен мәдениетке ие екі елдің текетіресі қарапайым халықты қиын жағдайға душар етті.

Қарулы қақтығыстың басталғанына бір ай болды

Тура бір ай бұрын таңғы сағат бестер шамасында Ресей президенті Владимир Путин Украинада әскери операция басталғанын жариялады. Содан бері аймақтағы атыс пен жарылыс бір сәтке де тынбай келеді. Шынжыр табанды техникалардың атқылауынан миллиондаған адам күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Мыңдағаны опат болып, миллиондағаны оқ пен оттан үйлерін тастап, туған жерінен үдере қашты. Біріккен Ұлттар ұйымы келтірген мәліметке сүйенсек, ақпанның 24-інде басталған қақтығыстан бүгінге дейін жүзден астам бүлдіршін жан тапсырған. Бұдан бөлек 977 бейбіт тұрғын бақилық болған. 1,5 мыңдайы жарақат алған. Қаза тапқан сарбаздар саны да өте көп. Көзі жойылған техника да жетерлік.

Игорь Конашенков,  РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі:

- Ресей Федерациясының Қарулы Күштері арнайы әскери операция міндеттерін орындауды жалғастырып жатыр. 24 наурыз күні таңертең Ресей армиясының бөлімшелері Харьков облысындағы Изюм қаласын толығымен бақылауға алды. Жалпы арнайы әскери операция басталғалы барлығы: 257 ұшқышсыз ұшу аппараты, 202 зениттік зымыран кешені, 1572 танк,  броньды машиналар, дүркіндетіп ату реактивті жүйесінің 160 қондырғысы, 633 артиллериялық және миномет қаруы, сондай-ақ 1379 бірлік арнайы әскери автокөліктің көзі жойылды.

Майдан даласына айналған қалалардан қазір миллиондаған адам бас сауғалап қашуға мәжбүр. БҰҰ келтірген мәлімет бойынша, бүгінге дейін 10 миллиондай азамат қоныс аударуға мәжбүр қалған. Оның 3,5 миллиондайы шетелге кеткен. Басым бөлігі Польшадан пана тапқан.  Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қатты алаңдаушылық білдіріп, елде гуманитарлық жағдайдың тым нашарлап бара жатқанын жеткізді.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ Бас директоры:

- Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір ай өтті. Қазіргі уақытта жергілікті халықтың төрттен бір бөлігі яғни 10 миллионға жуық адам амалсыз қоныс аударуға мәжбүр. Елдің коптеген өңірінде, әсіресе Мариуполь мен БУча аудандарындағы гуманитарлық жағдай нашар. Тауар жеткізу ісінде де қиындықтар бар. Мұндай жағдай жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, қант диабеті және туберкулезбен ауыратын адамдар үшін өте қауіпті. Өйткені аталған аурулар елдегі өлім деректерінің негізгі себебі саналады. Қақтығыс кесірінен туған жұрттың жаппай қоныс аударуы да қызылша, пневмония мен COVID-19 сияқты дерттерді жұқтыру қаупін ұлғайтады.

Енді Ресейдің әрекетін тежеу мақсатында оған қарсы қабылдап жатқан шараларға тоқталсақ. Себебі Ресейге салынған санкциялар легі де күннен күнге артып жатыр. Бір ай ішінде солтүстіктегі көршіміз ең көп санкция салынған мемлекет атанды. Британиядан бастайық. Корольдік үкіметі авиациялық және ғарыштық тауарлар мен технологиялардың экспортына тыйым салынып, техникалық көмек көрсетуді шектеді. Ал бүгін қаржы ұйымына санкция салды. Арасында "Альфабанк", "Газпромбанк", "Россельхозбанк" және "Алроса" компаниясы бар. Соңғысы алмаз өндіретін кәсіпорындар тобы. Бұдан басқа, "Сбербанк" басшысы мен бірнеше ірі кәсіпкер санкцияға ілінді. Олардың Британиядағы активтері бұғатталып, Біріккен Корольдік аумағына кіруіне шектеу қойылды. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Украинаны танкке қарсы қару-жарақпен қамтамасыз етуде көшбасшы болған Ұлыбритания бұл елге тағы 6000 зымыран береді. Қазір украиндықтарды ондаған мемлекет қолдап отыр. Бұл істе ілгерілеу бар.  

Ал АҚШ Ресейдің мұнайын сатып алудан толықтай бас тартты. АҚШ президенті Джо Байден бұл қадам «Ресей экономикасының негізгі артериясына» бағытталғанын мәлімдеді. Жалпы энергетикалық экспорт Ресей үшін маңызды. Дегенмен, мұндай шешім Батыс елдеріне де әсер ететіні сөзсіз. Өйткені мұнай сатып алуға шектеу қою «қара алтынның» нарықтағы бағасын қымбаттатады. Соған қарамастан Ақ үй осындай қадамға барып отыр. бұл бастаманы Ұлыбритания қолдады. Алдағы уақытта Еуропалық одақ та осындай қадамға баруы мүмкін.

Жалпы Кремльге қарсы жасалған шектеулер мұнымен бітпейді. Әлемнің басқа елдері де халықаралық ұйымдар да шама-шарқынша Ресейге санкция салып жатыр. Мәселен, Халықаралық футбол федерациясы ((FIFA)) Ресейдің ұлттық құрамасын Әлем кубогының іріктеу ойындарынан шеттетті. Осылайша Польша келесі кезеңге тікелей өтті. Бұған дейін ресейлік клубтардың УЕФА турнирлеріне қатысуына шектеу қойылған болатын. Еуропа лигасының 1/8 финалында ойнауға тиіс «Спартак» жарыстан шеттетілді.

Экономиканың құлдырауына арналған болжамдар

Ресейдің ірі дамушы экономикаға ие Қытай және Үндістанмен қарым-қатынасы қалыпты жағдайда. Латын Америкасы мен Африка  және ЕАЭО елдері шектеулер енгізген жоқ. Әлемдегі ірі қаржы конгломераттарының бірі - Barclays банкі биыл Ресей экономикасының қарқыны 12 жарым процентке қысқарады деп есептейді. Goldman Sachs сарапшылары 10 процентке құлдырайды деп болжайды. Жалпы санкциялар бүкіл ғаламдық экономикаға залалын тигізіп жатыр, энергия өнімдері қымбаттап, инфляция тереңдеп барады.

Ресейге санкция салынып жатса, Украинаға керісінше қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, АҚШ Украинаға гуманитарлық, әскери және экономикалық тұрғыда қолұшын созу үшін 13,6 млрд доллар бөлетін болды. Әскери көмекті Америкадан басқа елдер де қолға алды. Жуырда Германия секілді бірқатар еуропалық елден Украинаға танкке қарсы қолданылатын қару жіберілді. Жапония да көптеген әскери жабдық жеткізді. Бірақ соған қарамастан Украина президенті Владимир Зеленский НАТО-дан әлі де қару-жарақпен көмектесуді сұрап отыр. Бұған қоса Украина басшысы Солтүстік Альянс пен Еуропалық Одақты Ресеймен күресте ауызбіршілік танытуға шақырып, санкцияларды күшейтуді үндеді.  

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Украина аспаны Ресей зымырандары мен әуе бомбаларынан қорғалмай отыр. Біз ұшақ пен зымырандарға қарсы заманауи қаруларды әлі алмадық. Бізге танктер мен кемелерге қарсы қарулар да келген жоқ. Ресей әскері әлі де мыңдаған тұрғынымызды өлтіріп, қалаларымызды талқандай алады.  

Бүгін Украинаның барлық аумағы аумалы төкпелі заманды бастан кешіріп тұр. Әсіресе Киев, Буча, Мариуполь, Ирпень, Чернигов, Харьков, Житомир, Изюм қалалары. Мыңдаған адам жер астында тығылып, су мен жарыққа мұқтаж. Украина қаржы министрі Сергей Марченконың айтуынша, қақтығыстан келген қаржылай шығын орасан. Ол жалпы ішкі өнімнің үштен бір бөлігіне жетуі мүмкін. Тағы бір есеп бойынша, 500 миллиард долларға жетіп қалады. Нақты санды жағдай тұрақталған соң ғана айтуға болады, деді Марченко.