Өзбекстанда жаңа әлеуметтік желілер құрылады

Ел билігі жаңа мессенджер және әлеуметтік желілер құрмақ. Бұл міндет елдің 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясында айқындалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – азаматтардың жеке деректерін қорғау. Қазір арнайы жол картасы түзіліп, үкімет саладағы компанияларды ынталандыру механизмдерін әзірлеп жатыр. Ұлттық коммуникациялық платформаларды құруға айти мамандар мен ірі кәсіпкерлер қатысады. Бағдарламалық құралды жасап, қолдану аясын кеңейткендер салықтық жеңілдікке ие болады. Ел билігі осындай бастаманы 2014 жылы да қолға алған болатын. Өзбекстанда Twitter, TikTok сынды әлеуметтік желілер бұғатталған. Жастар жағы оны тек VPN арқылы қолданады. Инстаграмға қатысты шектеулер де бар. Үкімет аталған желі жетекшілеріне елде арнайы өкілдік ашуды міндеттеп отыр. Сонда ғана заманауи апплеттер кедергісіз жұмыс істейді. Ал кей қоғам белсенділері үкіметтің бұл жоспарына мүлдем қарсы. Мәжілістегі «Адолат» саяси партиясының өкілдері TikTok-ты толық бұғаттауды талап етіп отыр.

Русланбек Дәулетов, Өзбекстанның әділет министрі:

– Елде әлеуметтік желілерді мүлдем бұғаттау туралы бастама көтеріліп жүр. Олай жасаған күннің өзінде VPN бар. Бұғаттауды айналып өтетін жаңа технологиялар ойлап табылып жатыр. Егер әлеуметтік желіде жастардың тәрбиесін бұзатын жайттар болса, онымен ағартушылық бағытта күресу керек. Көп нәрсені шектеуге болмайды. Ақпарат қолжетімді болуы қажет.