Араб коалициясы Йемен астанасын бомбалады

Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йемен астанасы Сананы бірнеше рет бомбалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ теңіз жағасындағы Ходейда қаласына да шабуыл жасалды. Associated Press хабарлағандай, әуе соққыларынан 8 адам қаза тапқан. Арасында балалар да бар. Тағы 2 бүлдіршін із-түзсіз жоғалып кеткен. Эр-Рияд бүлікшілер бекінген нысандарға соққы жасалғанын айтады. Ал хуситтер электр станциясы, жанармай құю бекеті мен бір мемлекеттік мекеменің қирағанын алға тартады.

Естеріңізге сала кетейік, Йемендегі соғыс 7 жылдан бері жалғасып келеді. Қарулы қақтығыс билік пен оппозция күштерінің арасында болып жатыр. 2015 жылы бұл қырғынға Сауд Арабиясы басқаратын араб әскери одағы араласты. Қазір 17 миллион йемендік гуманитарлық дағдарыс зардабын тартуда.