Грузияда жылжымайтын мүлік қымбаттап барады

Бұған инфляция, жанармай мен құрылыс материалдарының шарықтауы ықпалын тигізіп отыр екен. Енді Ресей мен Украинадан сатып алынатын жабдықтардың тапшылығы туындауы мүмкін. Ал елде пәтерге деген сұраныс артып барады. Мәселен, Грузияға соңғы кездері Ресей мен Беларусь азаматтары ағыла бастаған. Осы орайда жалдамалы пәтер құны өскен.

Грузияда жылжымайтын мүлік 50 процентке қымбаттауы мүмкін. Құрылыс саласында да қымбатшылық байқалады. Бұған нысанды қолданысқа берер алдында қойылатын талаптардың күшеюі, коммуналдық қызмет пен құрылыс материалдарының шарықтауы себеп. Осының салдарынан қазірдің өзінде баға 40 процентке көтеріліп отыр. Әдетте темір жабдық Украинадан, ал сүрек Ресейден жеткізілгенін ескерсек, тұрғын үй тағы қымбаттауы мүмкін, дейді сарапшылар.

Ираклий Ростомашвили, Грузия құрылысшылар қауымдастығының басшысы:

 - Қазір Тбилисиде үйдің 1 шаршы метрі орта есеппен 700-800 АҚШ долларымен саудалануда. Менің ойымша, жуырда баға 1 мың доллардан кем болмайды. 

Ресей мен Беларусьтен ағылған мигранттардың нөпірі де жағдайға әсер еткен. Тіпті жалдамалы пәтер құны да өсті. Егер 1 ай бұрын Тбилисиде 1 бөлмелі пәтерді 150 долларға жалдау мүмкін болса, қазір баға екі есеге өсіп кетті. 

Давид Кешелава, ISET POLICY INSTITUTE аға зерттеушісі:

- Қазір нарықтағы қымбатшылықты байқап отырмыз. Сарапшылардың айтуынша, сұраныс та 50 процентке артты. Халық көбінесе Тбилисидің орталық аудандарынан пәтер сатып алуға ниетті. Бағаның қымбаттауына Ресей және Беларусь азаматтарының Грузияда тұрақтауы себеп болды.

Сұраныстың артуына қарамастан көптеген құрылыс компаниялары украиналық босқындарға жеңілдіктер ұсынып отыр. Ал экономистердің болжамы көңіл көншітпейді. Олардың пайымынша, алдағы жылдары инфляция салдарынан жанармай тағы өсіп, құрылыс материалдарының құны да 30 процентке шарықтауы мүмкін.

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили