«Хабар 24» арнасының тілшісі украиналық босқындар туралы сюжет жіберді

Осы бір айда Украина халқының 10 млн жуық адамы тұрғылықты үй-жайын тастап, босып кеткен.

Бұл халықтың 25 проценті, яғни әр бесінші украиналық тыныштық іздеп, бас сауғалауға мәжбүр қалған. Бұл туралы БҰҰ мәлімдеді. Бүгінгі күнге дейін 3 млн 200 мыңнан астам шет ел асқан. Оның екі млннан астамы көрші Польша еліне қарай қашты. Украинадағы меншікті тілшіміз Аида Қыдырбай Краков, Варшава қалаларындағы босқындардың жай-күйін көріп қайтты.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Ресми статистика бойынша қақтығысқа дейін украиналықтардың саны 43 млн адам болған. Қазір халықтың 25 проценті босқындар санатында. Украинаның барлық аумағы аумалы төкпелі заманды бастан кешіріп жатыр. Әсіресе Киев, Буча, Мариуполь, Ирпень, Чернигов, Харьков, Житомир, Изюм қалалары жалпы Луганск, Донецк, Николаев және Сумск өңірінде кескілескен ұрыс жалғасуда. Жер астында тығылып, су мен жарыққа мұқтаж жандардың саны жүз мыңға жуықтайды.  БҰҰ 135 баланың соғыс салдарынан қайтыс болғанын мәлімдеді. 

Мариупольдегі қайғылы жағдай әлем назарында. Қаладағы облыстық драма театрында ракета шабуылынан мыңдаған адам жасырынған еді, кеше Мариуполь әкімшілі сол театр астында 300 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. украина билігі әуежай, әскери база, чернобыльды айтпағанда 5 мыңнан астам тұрғын үйге, 500-ден астам оқу орыны мен 135 медициналық мекеме Ресей ракеталық шабуылынан толық қирағанын мәлімдеді.  

Тек ғана Польшаға ауа көшкен украиналық босқындардың саны екі млн асты. Бұл туралы Польша мемлекеттік кеден қызметі мәлімдейді. Польша тарапы азып-тозып жеткен украиналықтарға азық-түлік, жатын орын және құжат рәсімдеуге көмек беруде. Әсіресе Краков пен Варшава қалаларында украиналық босқындарға көмек мемлекеттік деңгейде көрсетіліп жатыр: тегін симкарта, тегін су, тегін ыстық тамақ, тегін транспортқа дейін ұсынылып жатыр.

Хуан, волонтер:

- Польша, Испания, жалпы Еуропа елдерінің басым бөлігі босып жүрген украиналықтарға көмек көрсетіп жатыр. Арнайы сайт арқылы тіркеліп, тегін үйге тұрақтап қалуға мүмкіндік бар. Варшавадан Испанияның қалаларына дейін тегін пойыз не ұшақпен жете алады. Ол жақта құжаттарын рәсімдеп, еуропа елдерінде жұмыс жасауға мүмкіншілік ала алады.

Күні кеше Джо Байден Варшава қаласына іс-сапармен ұшып келді, мұндағы украиналықтар мен Польша тұрғындары алаңға шығып, кезекті рет Украина аспанын қорғауды өтінді.

- NATO, close the sky!

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украинадан елге оралған қазақстандықтардың саны 800-ге жуықтады. Қазақстанның Украинадағы елшілігі жерлестеріміздің  эвакуациясын әлі күнге дейін жалғастыруда. Күні кеше ғана 16 қазақстандық арнайы автобуспен Польшаның Катовице қаласына жеткізілді. ары қарай олар арнайы ұшақпен Қазақстанға тегін ұшып келеді.

Атап өту керек, тек қазақстандықтар ғана емес, этникалық қазақтардың да елге оралуына мүмкіншілік жасалуда. Күннен күнге елге қайтуға ниет білдіргендердің саны артпаса кеміген жоқ.

Аида Қыдырбай