60 мыңға жуық украиналық Түркияға табан тіреді

Берекесі қашқан украиналықтар жан-жаққа босып кетті. 3 жарым миллионнан астам адам өзге елге бас сауғалап, 10 миллионы басқа жерге қоныс аударған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары осындай ақпарат таратты. Шетел асқан украиналықтардың көбі көршілес Польша, Румыния, Словакия, Венгрия мен Молдова мемлекеттерінен пана тапқан. Түрік еліне де табан тіреген босқындар баршылық. Таяу шығыстағы босқындарды қабылдау бойынша көш бастаған түрік еліне бір айда 60 мыңға жуық Украиналықтар келген. Бұл әрине, көршілес елдермен салыстырғанда азырақ. Өйткені Еуропадағы секілді Түркияда Украина халқын қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама жоқ. Дегенмен Анадолы жері Украиндағы жағдай салдарынан бассауғалап келгендер үшін ашық.

Сулейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:

Украинада соғыс басталғалы Түркияға 58 мың Украина азаматы келді. Оның 30 мыңға жуығы құрлық жолымен, яғни, Эдирне мен Кыркларели қақпасынан кірді. Олардың мыңнан астамы месхет түріктері мен Қырым татарлары. 

Александра және Дарья Морозовалар. Екі апта бұрын Одессадан құрлық жолымен Болгария, Молдова мен Румыния арқылы бірнеше күнде Анкарадағы туысына жеткен.

Александра Морозова, Украина азаматы:

Түркияға бауырым болған соң келдім. Ол көп жылдан бері осында өмір сүреді. Қолдау көрсетіп, бізге уақытша пана береді деген үмітпен келдім. Өйткені еліміздегі жағдайдың қанша уақытқа дейін созылатыны белгісіз. 

Дарья Морозова, Украина азаматы:

Үкіметтік қолдау алған жоқпын. Іздемедім де. Telegram каналдардан ақпарат алып тұрамын. Онда Еуропа елдеріндегі бағдарламалар жайлы жиі айтылады. Қазірше анамның қасындамын. Елде жағдай тұрақталып, оралсам деймін.

Бір әулеттің қос қызы, бірнеше жыл бұрын ғана Лугансктан Одессаға қоныс аударыпты. Қалған туыстары Ресейге көшкен. Украинадағы жағдайдан кейін жақындарымен қазіргі мәселе бойынша тіл қатпайды. Себебі:

Александра Морозова, Украина азаматы

– Бұл тақырып бойынша сөйлеспеуге тырысамыз. Себебі жағдайға қатысты екі жақты көзқарасы әрқалай. Араздасып қалуымыз мүмкін.

Морозовалардың Анкараға келгенін естіген достарының ата-анасы да қыздарын қосып жіберіпті. Бір үміт – ұрпағын сақтап қалу.

Валерия Величко, Украина азаматы:

Мен елден кеткім келген жоқ. Біраз уақыт күтейін дедім. Мүмкін жағдай реттеліп қалар деп үміттендім. Туыстарым болса, менің тезірек қауіпсіз жерге кетуімді қалады. Солай тыныш болады деді.

Украинадағы жағдайдан кейін шекарадағы Эдирне мен Анталия, Бодрум секілді жерлерде тұрғын үйді жалға алу бағасы 2-3 есе артқан. Бұған соңғы бір ай ішінде талаптың артуы себеп. Жалпы Анталияда 29 мың Ресей, 9 мыңнан астам Украина азаматы мекен етеді. Бұл сан күн сайын артып барады.