Қазақстанда жұмыс істейтін түрік компанияларына бірінші кезекте Анадолыдағы қандастарымызды тарту маңызды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл қара көздеріміздің тарихи отанында ұлттық салт-дәстүр мен болмысын жетік меңгеруге жол ашады. Түркияда өткен диаспора форумында «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов осындай ұсыныс жасады.
Төрткүл дүниеде түркі мемлекеттеріне мүше елдердің 20 миллионнан астам диаспора өкілдері бар. Бұл – үлкен әлеует. Бүгінде әлемнің шартарабында өмір сүретін туыстас халықтар арасында өзара аралас-құраластықты арттырудың маңызы зор. Бұл – Түркияның Бурса қаласында басталған диаспора форумына қатысушылардың пікірі. «Диаспоралар дұрыс бағытталса, елдерімізге саяси, экономикалық және қоғам тұрғысынан үлкен пайда әкелмек»,- дейді олар.
Бағдат Әмреев, Түркі мемлекеттер ұйымының бас хатшысы:
– 20 миллионға жуық өкіл үлкен күш. Сондықтан біз диаспораларымызбен тығыз қарым-қатынастамыз. Біздің азаматтарымыз да отандарымен тығыз қарым-қатынаста. 20 миллионмен байланысты үзе алмаймыз. Сондықтан арнайы ұйым құрып, түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде көптеген шаралар өткіземіз. 4 рет диаспораларға жауапты министрлердің жиынын өткіздік.
Түркі мемлекеттері ұйымы мен Шетелдегі түркілер және туысқан қауымдастықтар басқармасының іс-шарасына 12 елден 70-ке жуық диаспораға жауапты мекемелер мен ғалымдар қатысып отыр. Екі күнге созылатын диаспора форумында атқарылған жұмыстар сараланып, алға қойылған міндеттер талқыланады.
Абдуллах Эрен, Шетелдегі түркілер және туысқан қауымдастықтар басқармасы басшысы:
– Диаспора форумында біз Түркі мемлекеттер ұйымына мүше елдердің диаспораларға жауапты өкілдерінің басын қосып отырмыз. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, келіссөздер жүргізеді. Әрине, пандемияға байланысты қатысушылар санын шектедік. Дегенмен саладағы маңызды деген мамандарды шақырдық. Форумда әлемдегі қазақ, қырғыз, әзірбайжан мен түрік диаспораларының арасындағы байланысты арттырып, мәселелерін шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.
Қазақстан атынан халықаралық іс-шараға «Отандастар» қоры қатысуда. Елімізден барған делегация өкілдері әріптестерін әлемдегі түбі бір түркі жұртының мәдени мұраларын жандандырып, ескерткіштерін қалпына келтіруге шақырды. «Берлинде қараусыз қалған Мұстафа Шоқайдың бейіті мен Қытайдағы Қабанбай батыр ескерткішін қалпына келтіріп, қорғауға алу қажет», - дейді қатысушылар.
Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті:
– Түркі тілдес мемлекеттердің шетелдегі мәдени мұраға жататын ескерткіштері, көптеген объектілері бар. Олардың ортақ базасы жоқ. Тізімін жасау туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Екіншісі – түркі әлемінде әйгілі керемет орын алған тұлғалардың базасын жасау. Себебі ертең мұның барлығы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа жеткізу мен таныстыруға мүмкіндік береді деп есептейміз.
Форумның екінші күнінде диаспораға жауапты өкілдер тәжірибелерімен бөлісіп, екіжақты келіссөздер жүргізбек. Іс-шара соңында нақты нәтижелер алу көзделген.