Бүкіл әлем сүйінші жаңалық күтіп отыр – Ердоған

Бүгін Түркияда Украинадағы ахуалды тұрақтандыруға арналған келіссөздердің кезекті раунды өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар жабық форматта кездесті, яғни бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуына тиым салынды. Дегенмен әлемдік басылымдар өздерінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, бірқатар мәлімдеме жасады. Бүгін Стамбұлдың Долмабахче сарайында Анкараның арағайындығымен Украина және Ресей делегацияларының келісөзі өтті. Тараптар ақпарат құралдарының қатысуынсыз жабық форматта кездесті. Десе де екі тараптың ресми өкілдері жасаған мәлімдемеге сәйкес, жиын бірінші кезекте Украина жеріндегі гуманитарлық дағдарыс пен атысты тоқтатуға бағытталды. Алдымен Түркияға Ресей президентінің кеңесшісі Владимир Мединский бастаған Ресей делегациясы келді. Біраз уақыттан кейін Украина делегациясы да оқиға онына жетті. Оның ішінде қорғаныс министрі Алексей Резников, президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михайло Подоляк және «Халық қызметшісі» партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Давид Арахамия болды. Келіссөз өтетін орынға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да келді. Келіссөздер басталмас бұрын Ердоған қысқаша сөз сөйлеп, бұл келіссөздер Ресей мен Украина президенттерінің бетпе-бет кездесуін өткізуге ықпал ететініне үміт білдірді және мұндай кездесуді Түркия аумағында өткізуге дайын екенін жеткізді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Опат болған әрбір адам, қираған ғимарат, тұрақтылық жолында жұмсалуы тиіс байлық – ортақ болашағымыздан жұлып алынған құндылық. Бұл трагедияны тоқтату тараптардың қолында. Атыс-шабысты тоқтатуға барлық тарап мүдделі. Келіссөздердің нақты нәтижесін көретін кез келді. Тап қазір әрбір делегация мүшесіне тарихи жауапкершілік жүктелген. Бүкіл әлем сүйінші жаңалық күтіп отыр.