Ресейге сенуге болмайды – Зеленский

Ресей әскері Киев пен оның айналасын әлі атқылап жатыр.

Сондықтан олардың Ыстамбұлдағы келіссөзде «Атқылауды тоқтатамыз» деп берген уәдесіне сенуге болмайды. Украина президенті Владимир Зеленский дәстүрлі түнгі жолдауында осылай деп мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Келіссөздерге қатысты жағымды әңгіме естіліп жатыр. Бірақ Ресей снаряд атқылауын қояр емес. Украиналықтар аңқау халық емес. Басқыншылықтың 34 күнінде және Донбасстағы соңғы 8 жылдағы соғыста нақты нәтижеге ғана сенуге болатынына көзіміз әбден жеткен. Сондықтан біз қорғанысымызды әлісіретпейміз. Әрине, Украина келіссөздерді жалғастыруға дайын. Ресей әскері басып алған аймақтардан кетуге тиіс.

ЗЫМЫРАН АТҚЫЛАУЫНАН 8 АДАМ АЖАЛ ҚҰШТЫ

Зеленский елдің оңтүстігіндегі Николаев қаласын Ресей зымыранмен атқылап, 8 адам ажал құшқанын жеткізді. Тағы 30 тұрғын жарақат алған. Қаладағы аймақтық әкімшілік ғимараты қираған. Қазір іздеу-құтқару, тазалау жұмыстары жүріп жатыр.