Украина терең гуманитарлық дағдарысқа ұшырады

Украинадағы әскери қақтығыстың басталғанына бір айдан асты. Осы уақыт ішінде 4 миллионға жуық украиндық шетел асып, босып кетті.

БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық көмек жөніндегі көмекшісі Джойс Мсуяның айтуынша, қазір бірнеше қалада азық-түлік тапшы. Дәрі-дәрмек пен ауыз су жоқ. Атыс-шабыстан тауар жеткізу ісі іркілген.

Джойс Мсуя, БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі көмекшісі:

 - 10 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетті. Оның ішінде балалар да бар. 6,5 миллион украиндық ел ішінде қоныс аударды. Оларға әлі күнге дейін гуманитарлық көмек жеткізілмей жатыр.

Украина мен Ресей арасындағы қырғиқабақ ахуал қазір әлемдік бидай қорына да кері әсерін тигізіп жатыр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бизли осылай деді.

«Себебі бірқатар мемлекет украиндық бидайға тікелей тәуелді», - дейді ол.

Мәселен, 2020 жылы Ливан импорттаған бидайдың 81 процентін дәл осы мемлекеттен алған. Жалпы қарулы қақтығысқа дейін әлемдегі астық экспортының 30 проценті, ал күнбағыс майының 80 проценті Ресей мен Украинаның үлесінде болатын. Тағы бір маңызды мәселе, Украинадағы қарулы қақтығыс қазір 125 миллион адамды аспен және киіммен қамту ісіне кедергі келтіргелі тұр.

Дэвид Бизли, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры:

 - Украина дағдарысына дейін әлемдегі жағдай одан сайын нашарлай түседі деп кім ойлаған. Соңғы уақытта жанармай мен азық-түлік бағасының, тауар жеткізу құнының өсуіне байланысты әлем бойынша миллиондаған бала мен отбасыға көрсетілетін көмек көлемін азайтуға тура келді. Тек Йемен елінің өзінде көмек көлемі 50 процентке қысқарды. Бұл 8 миллион адам көмектен қағылды деген сөз.

КЕНИЯ

Дағдарыстың салқыны Кенияны да айналып өтпеген сыңайлы. Елде азық-түлік пен шикізат күрт қымбаттап кеткен. Небәрі екі аптада бидай бағасы екі есе артқан. Украинадағы дағдарыстың салқынын қазір Кениядан бөлек тағы бірнеше африкалық мемлекет сезіп жатыр. Соның бірі Египет. Украина мен Ресей бидайына тәуелді Мысыр енді астық импорттауға болатын басқа елдерді қарастыруға көшкен. Ал Нигер, Мали мен Чад болса, қарулы қақтығыс кесірінен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы тарапынан берілетін көмектен құр қалып отыр.

АҚШ

Ал АҚШ әлемдегі азық-түлік дағдарысына дәл қазір Мәскеуді кінәлап отыр. Орыс әскері украиналық порттарды құрсауға түсіріп, Киевтің бидай экспорттауына мүмкіндік бермей отыр, дейді Американың мемлекеттік хатшысының орынбасары Венди Шерман. Дегенмен, Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя бұл Ресейге қарсы салынған санкциялардың салдары екенін айтады.