Өзбекстанда көлік жүргізушілерге талап күшейді 

Бұл елде де көлік апаты көп. Апаттың көбеюіне әрине жүргізуші кінәлі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзбекстанда темір тұлпар тізгіндеуді қалағандар емтиханды бірыңғай орталықта тапсырады. «Онда жемқорлық атаулы түбегейлі жоқ», – дейді мамандар. Өзбекстанда жол көлік апатынан кейінгі 1 жылда 300-ге тарта бала көз жұмды. Бұл – тұтас елді алаңдатқан жайт. Таяуда ел президенті сала өкілдерін сынға алды. Жауапты органға жаза мен тәртіпті күшейтуді тапсырды. Жиілеген жол көлік апатының біріне мемлекет басшысының жақын туысы кінәлі деген де ақпарат бар. 8 адамды өлім құштырған оқиға Жизақ облысында болған. «Айыпталушы - Президенттің жақыны Мұхтар Мирзиёев есімді азаматтың 15 жастағы ұлы», – дейді куәгерлер. Осындай оқиғалардан кейін елде жолдағы ереже қатаң қадағаланып жатыр. Көшелерге Сергек секілді жылдамдықты өлшеу құралдары көптеп орнатылуда. Патрульдік полиция өкілдеріне заңға бағынбаған жүргізушілерге қатаң шара қолдануға рұқсат берілді. Енді олардың әрекетін телефон камерасына түсіруге болмайды. Ташкентте Ішкі істер министрлігіне қарасты емес, көлік жүргізу куәлігіне бірыңғай емтихан тапсыру орталығы ашылды. Онда 4 ақпаннан бері 2 жарым мың адам сынақ тапсырып, соның тек 400-ге жуығы тесттен сәтті өте алған.

Комил Алламжонов, бірыңғай емтихан орталығын құрушы:

– Жолдағы көлік апаты мен кісі өлімін азайту үшін күресті бастаймын. Адами фактор, жақын-туысқандық, таныс-біліс, сыбайлас жемқорлық жоқ сапалы әрі тиімді емтихан орталығын құра алдық. Бұл монополия емес. Біз ондай мақсатты көздемейміз. Үкімет осындай шешім қабылдады, мен де азамат ретінде осы мүмкіндікті пайдаланып, лицензия алып, жүйені енгіздім.

Емтихан орталығы әдеттегі автомектептер мен министрліктің құзіретіндегі сертификат беру мүмкіндігін алып отыр. Үміткерлер сонда барып, әуелі теориялық сынаққа 50 мың сом төлейді. 25 сұраққа жауап береді. Алғашқы мүмкіндігін сәтсіз пайдаланса, келесі ретте төлейтін қаражат 5 есеге өседі. Орталық мамандары осыдан кейін көлік жүргізу куәлігін алам деушілер сынаққа тыңғылықты дайындықпен келе бастады дейді. Бірақ мұнда да оңай олжа іздегендер кездеседі.

Комил Алламжонов, бірыңғай емтихан орталығын құрушы:

–Таяуда емтихан тапсыру орталығында қызық жағдай болды. Осында теориялық сынақтан сәтті өтіп, тәжірибелік кезеңде мүмкіндігін пайдалана алмаған үміткер қызметкерлер арасында мәселені шешіп беретін адам іздеген. Орталық маңында жүрген біреуді кездестіріп, оның емтиханнан оңай өткізіп беремін деген сөзіне иланып қалады. Қалтасынан қыруар қаржысын береді. Ақыры алаяқ екеніне көзі жеткен соң бізге мән-жайды баяндап берді. Айтарым, бізде жемқорлық жоқ. Ташкентте көлік жүргізу куәлігін алу енді бұрынғыдай болмайды.

Аталған орталық Президенттің тікелей тапсырмасы негізінде іске қосылды. Енді басқа да аймақтарда бірыңғай емтихан тапсыру орындары пайда болуы мүмкін. Еске салайық, Өзбекстандағы көлік жүргізушілерінің 80 проценті куәлігін заңсыз жолмен алған деседі. Соның салдары болар кейінгі 1 жылда 10 мың көлік апаты тіркеліп, 2 жарым мың адам көз жұмды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов