Кореяда ковид жұғудың азаймауы елімізбен визасыз режимді қайта ашуға кедергі болмады

Қазақстандықтар бүгіннен бастап Оңтүстік Кореяға визасыз кіре алады. Екі мемлекет арасында визасыз режим туралы келісімге баяғыда қол қойылған екен. Бірақ екі жыл бұрын бұл келісімнің орындалуы қиындаған. Сөйтіп, тоқтап та қалған еді.

Оған не себеп және Кореяға визасыз бару ережелерінде қандай өзгерістер бар?

Корея үкіметі мен Қазақстан визасыз режим туралы келісімге 2014 жылы қол қойған. Бірақ коронавирустық шектеулерге байланысты құжаттың күші екі жыл бұрын уақытша жойған. Әуелі Қазақстанда эпидахуал жақсарды. Ал Кореяда күніне 300 мың адамның тесті оң нәтиже көрсетеді. Бір тәулікте жұқпалы індет шамамен 300 науқастың өмірін жалмайды. Соған қарамастан екі ел арасындағы визасыз режим қайта жанданды. Мамандар мұның бірнеше себебі бар дейді. Біріншіден, кәсіпкерлер шығынға батып отыр. Сондықтан жергілікті билік жазға салым туристерді көбейту арқылы экономикаға қан жүгіртуді көздейді. Дегенмен, елге заңсыз келушілердің санын азайту үшін жаңа электронды жүйе жұмыс істейді.   

Жолаушы төлқұжатты суретке түсіреді. Содан кейін Кореяға барудағы мақсаты, тұратын жері және өзге де деректер енгізіледі. Кейін жолаушының өзі де суретке түсіріледі.   

2014 жылы визасыз режим енгізілгелі бері ресми жұмыс істеу, білім алу не емделуге келгендерден бөлек Кореяда 10 мыңнан астам Қазақстан азаматы заңсыз еңбек еткен. Тіпті эпидахуал нашарлағанда да медициналық және оқу визасымен келгендер көп болды. Енді шекараны заңсыз кесуге талпынған шетел азаматтарын азайту үшін электронды жүйе қолға алынды.

Рю Дже Сок, көші-қон бақылау бөлімі директорының орынбасары: 

- Шетел азаматы 24 деректі енгізуі керек, бұл шамамен 10 минут уақыт алады. Бұдан кейін автоматты талдау жүргізіледі. Барлығы заң аясында болса, азаматтарға 30-60 минут ішінде электронды пошта арқылы хабарлама келеді. K-ETA арқылы рұқсат алған жолаушы Кореяға 2 жыл бойы келе алады. 

Рұқсат екі жылға берілсе де қазақстандықтар визасыз 30 күннен артық жүре алмайды. Электронды жүйенің өзі Кореяға бірден жол ашпайды. Соңғы шешімді әуежайдың иммиграциялық қызметкері қабылдайды.

Владислав Цой, тілші:

- Кореяға кіріп үлгерген заңсыз мигранттың барлық деректері тәртіп сақшыларында болады. Заң бұзған адамды ұстауға оның саусақ іздері, мәліметтер базасында сақталған суреті және жүздеген мың бейнекамера көмектеседі. 

Владислав Цой, Ольга Лян