ОПЕК+ елдері де енді мұнай өндірісін ұлғайтуды қолға алады

Мұнай бағасы біртіндеп төмендей бастады. Оған Ақ үй басшысының мәлімдемесі әсер етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше Джо Байден алдағы жарты жылда елдің стратегиялық қорынан 180 миллион баррель қара алтын шығарылатынын жариялады. Ресей бүгіннен бастап газ үшін төлемақыны тек рубльмен қабылдайтынын жеткізді. ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлері мұнай өндірісін арттыруға келісті. Енді мамыр айынан бастап тараптар қара алтын өндірісін тәулігіне 432 мың баррельге арттырады. Ұйымға мүше мемлекеттердің әлеуеті мұнымен шектелмейді. Бірақ мұндай жағдайда ұсынысқа сұраныстың сай келеріне кім кепіл, дейді сарапшылар. Сондықтан Опек+ елдері әлемдегі геосаяси ахуал мен АҚШ-тың шикізат өндірісін арттыру туралы талабына қарамастан былтырғы келісімге сәйкес әрекет ететін болып шешті.

Американың қазіргі жағдайда талап қоюы бекер емес. Себебі Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс кесірінен елде жанармай бағасы қымбаттап кетті. АҚШ президенті Джо Байден қара алтын бағасын түсіру үшін стратегиялық мұнай қорын қолданатынын жариялады. алдағы жарты жыл бойы елдегі мұнай қоймаларынан күн сайын 1 миллион баррель нарыққа шығатын болады.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Ресей мұнайы әлемдік нарықтан кете бастағалы, ұсыныс азайды. Ал баға өсті. Мұның салдары америкалықтарға тиіп жатыр. Путиннің кесірінен біздегі баға шарықтап кетті. Ал оны түсіру үшін бізге дәл қазір көбірек мұнай керек.

Байденнің осы сөзінен кейін мұнай бағасы 6-7 процентке арзандады. Баға бүгін де төмендей түсті. Таңертең Brent маркалы қара алтын Лондон биржасында 104 доллар тұрса, WTI Нью-Йоркте 99,5 доллардан саудаланды.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамынша, Вашингтон мен Еуропалық Одақтың Мәскеуге қарсы қабылдаған санкцияларынан сәуір айында Ресей мұнай экспортын 30 процентке қысқартады. сарапшы Саид Лейлаз әлемдік мұнай бағасының болашақта қандай боларына Иран әсер ете алатынын айтады. Бұдан бөлек, ол Сауд Арабиясындағы мұнай нысандары қауіпсіздігінің маңыздылығын да атап өтті. жуырда Сауди Арамко компаниясына жасалған шабуылдан кейін мұнай бағасы бір процентке қымбаттап, 120 доллардан асып кеткен болатын.

Саид Лейлаз, экономикалық сарапшы:

Йемен хуситтерінің Aramco нысандарына қарсы не істейтіні Иран мен АҚШ арасындағы қайшылықтарға байланысты. Егер Иранның ядролық келісімі қалпына келсе, нарыққа Иранның мұнай қорынан 100-150 миллион баррелі шығарылады. Иран күн сайын шамамен 2 миллион баррель жеткізіп тұрады. Сондай-ақ Сауд Арабиясы да мұнай өндірісін арттыра бастайды.

Ресей бүгіннен бастап газ үшін төлемақыны тек рубльмен қабылдайтын болды. Енді сатып алушылар есеп айыру үшін Газпромбанкте арнайы шот ашулары керек. Егер тұтынушылар осы схемамен төлем жасаудан бас тартса, олар өз міндеттемелерін орындамаған болып саналады, деді Ресей президенті Владимир Путин. Ресей газының негізгі тұтынушысы саналатын кәрі құрлық осы күнге дейін доллар немесе еуромен есеп айырысып келді. Бірақ наурыздың 23-інде Владимир Путин бұдан былай мемлекеттер төлемді тек рубльмен жасауы керек деп мәлімдеді. Сол кезде Еуроодақ елдері қарсылық танытып, мұндай шарт келісімде көрсетілмеген деген болатын.

Жалпы газ үшін төлемақыны рубльге ауыстыру туралы жаңалық нарықты дүрсілкіндірді. Көгілдір отын Еуропада күрт қымбаттап кетті. Фьючестер бағасы 5 процентке өскен. Лондон биржасы келтірген мәліметке сәйкес, қазір 1000 текше метр табиғи газдың құны 1500 доллардан саудалануда.