Борис Джонcон отставкаға кете ме?

Лондон полициясы бірқатар мемлекеттік шенеунікті пандемия өршіген тұста карантиндік талаптарға бағынбағаны үшін жауапқа тартуды бастап кетті.

Қатаң локдаун кезінде олардың Ұлыбритания премьер-министрінің ресми резиденциясы Даунинг стритте сауық-сайран құрғаны дәлелденіп отыр және бірқатарына айыппұл салынбақ. Шектеулерді пысқырмағандар қатарында үкімет басшысы Борис Джонсонның болғаны нақтыланса, оны отставкаға жіберу туралы бастама қайта көтерілуі мүмкін.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- 2000 және 2021 жылдары қатаң локдаун кезінде мемлекеттік қызметкерлердің сауық кештеріне он екі рет қатысқаны анықталып отыр. Кештер үкімет резиденциясы орналасқан Даунинг стритте және министрлер кабинетінің ғимаратында өткен. Шенеуніктер алкогольдік ішімдіктер ішіп, шараларға, тіпті, премьер-министрдің өзі қатысқаны дәлелденді. Борис Джонсон бұл ағаттығы үшін «білмей қалдым» деп парламенттен және Елизавета екінші патшайымнан кешірім сұрады. Осы аптада карантиндік шектеулерге бағынбаған шенеуніктердің әрқайсысына 50 стерлинг фунты көлемінде айыппұлдар салына бастады. Кінәлі жиырма шақты ақ жағалының есімдерін жариялаудан полиция бас тартып отыр. Билік өкілдері де үнсіз. Айыппұл салынғандардың өздері мойындаса немесе сот шешімімен келіспесе ғана шенеуніктің есімі белгілі болуы мүмкін. 

Кир Стармер, лейборшылар партиясының көшбасшысы:

- Джонсон Қауымдар палатасына локдаун кезінде ешқандай ереже бұзылған жоқ деп айтты. Полиция бірқатар қылмысқа жол берілгендігін дәлелдеді. Министр кодексінде Қауымдар палатасын әдейі адастырып жүрген министр қызметінен кетуі керек делінген. Спикер мырза, неліктен үкімет басшысы әлі жұмыс істеп жүр?

Оппозициялық партия өкілдері ашықтыққа шақырып, тәртіпке бас имеген билік өкілдерінің есімдері елге жариялануы, ал Джонсон отставка кетуі керек деп мәлімдеді. Премьердің партияластары - консерваторлардың басым көпшілігі қосылып, қарсы дауыс берсе ғана үкімет басшысын қызметінен кетіру мүмкін. Бұған дейін Джонсонның 20 әріптесі премьер-министрге деген сенімсіздік вотумын жариялағаны белгілі. Ал қызметінен кетіру үшін олардың саны 54 болуы керек.

Афзал Хан, Ұлыбритания парламентінің мүшесі:

- Заң баршаға ортақ. Ол адамның қаржылық немесе саяси жағдайына қарамайды. Егер Ұлыбритания премьер-министрінің заңнан аттағаны дәлелденсе, оған да айыппұл салынуы керек. Бірақ одан да маңыздысы үкімет басшысы отставкаға кетуі қажет. Өйткені парламент қабырғасында жалған сөйлеген адамның қызметін босатуы міндетті.

Қатаң шектеулерге бағынып, ковидтен қайтыс болған туысқандарымен қоштасып үлгермеген немесе жерлеу рәсіміне қатыса алмаған халық биліктегілердің әрекетін бассыздық деп бағалайды. Бірақ үкімет басшысын және оның командасын қолдайтындар да бар.

БЛИЦ:

- Көшбасшылықтың бірінші ережесі - өзгелерге үлгі бола білу. Өзі заң шығарып, өзі бұзу деген ақылға сыймайды.

- Меніңше, бас қатыратын басқа да проблемалар көп. Даунинг стритта шампан ішті ме, әлде шарап ішті ме деп талқылайтын уақыт емес қазір.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, британиялықтарды бүгінде басқа мәселелер көбірек мазалайды. Елде соңғы уақытта күнкөріс деңгейі төмендеп, күнделікті тұтынатын тауарлар мен жарық пен газ қымбаттап кетті. Украинадағы жағдай да халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Тәртіп сақшылары болса, жиырма айыппұлмен шектелмейтіндігі туралы мәлімдеді. Джонсонның қарамағындағылар полиция істі зерттеп болған соң ішкі тергеу ісінің қорытындысы толық жарияланып, премьер-министр мәлімдеме жасайтынын айтады. Үкімет басшысының жақтастары, премьер-министрге айыппұл салынғанның өзінде отставкаға кетпеуі мүмкін дейді.

Ғалымжан Қараманұлы