Зеленский: Ресейге санкция салу жеткіліксіз

«Батыс Украинаның Буча мен басқа қалаларындағы бейбіт азаматтарды өлтірген Ресейге жаңа санкциялар салу керек, бірақ бұл жаза жеткіліксіз». Бұл туралы Владимир Зеленский мәлімдеді.

Айтуынша, адамдардың көбі оқ тиіп, көз жұмған. Ал Кремль бұл айыптауды жоққа шығарып отыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Әдетте президенттер мұндай үндеу жасамайды. Бірақ бүгін мен бұл сөздерді айтуға мәжбүрмін. Буча мен басқа қалаларда жүздеген адам азапталып, өлтірілген. Көшелер мәйіттерге толып кеткен. Миналар қойылған. Тіпті мәйіттерге де мина жасырылған. Біздің жерімізге зұлымдық келді. Кісі өлтірушілер, баскесерлер, әйел зорлаушылар, тонаушылар өзін «әскер» деп атап жүр. Олар тек өлімге ғана лайықты. Меркель ханым мен Саркози мырзаны мына сұмдықты өз көзімен көру үшін Бучаға шақырамын.

Ресей Патриархы: біз бейбітсүйгіш елміз 

Ресей Бучадағы мәселе бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрады. Бұл туралы халықаралық қауымдастықтың бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді. Ал Мәскеу облысында Ресей патриархы Кирилл әскер үшін арнайы діни рәсім өткізді.  

Кирилл, Мәскеу және бүкіл Русь патриархы:

- Соғыс жағдайында әскерде қызмет ету нағыз ерлік. Бүгінде біздің отанымыз қиын кездерді бастан кешіруде. Сондықтан біз өте мықты болуымыз керек. Біз дегенде мен бірінші кезекте қарулы күштерді айтып тұрмын. Халқымыз оянып, серпіліп, ерекше кездің туғанын түсінуі қажет. Бұл кезеңде халқымыздың тарихи тағдыры шешілгелі тұр. Біз бейбітсүйгіш елміз.