Түркияда әр үйге бір автотұрақ бөлу міндеттелген

Егер пәтер аумағы 180 шаршы метрден үлкен болса, екі тұрақ болуы тиіс. Мұндай тәртіп елде көлік қозғалысын реттеу мақсатында бекітілген.

Түркияда автотұрақтарды жергілікті әкімшілік қарамағындағы компаниялар басқарады. Әрбір аймақта әртүрлі жүйе іске қосылған. Мәселен, елдің тұрғындар саны жөнінде ең ірі төртінші шаһарында автотұрақтарды басқару үшке бөлінген.

Ферудун Тарым, реконструкция және қала құрылысы басқармасы директоры:

- Қаламыздағы автотұрақтарды үшке бөлеміз. Біріншісі, тұрғын үй, аурухана мен сауда орталықтарының сұранысын қамтамасыз ететін жеке тұрақтар. Сосын қоғамдық көліктер қасындағы автотұрақтар. Ал үшіншісі қала орталығында орналасқан. Жалпы ережеге сәйкес, әр ғимараттың өз тұрағы болуы тиіс.

Әкімшіліктің жеке компаниясының негізгі ұстанымы қала ішіндегі қозғалысты азайту. Осы бағытта автотұрақтар локациясы мен ақысы қарастырылған. Мәселен, ең қымбат автотұрақтар қала орталығында орналасқан. Олардың алғашқы сағатына тарифтік бағасы 10 лирадан басталады. Сосын әрбір сағатқа қосымша 3 лирадан төлейсіз. Ал басқа аймақтарда оның бағасы 20 лирадан аспайды.  

Күршат Чапар, "Бурулаш" тасымал компаниясының директоры:

- Негізгі мақсатымыз қала ішіндегі қозғалысты азайту. Сондықтан қоғамдық көліктер аялдамасының қасында тұрақтарды іске қосқанбыз. Ең төменгі бағамыз ақысыз. Тұрғындарды орталықтан барынша қашық ұстауға тырысамыз. Орталыққа жақындаған сайын автотұрақ бағасы да қымбаттайды. Ең қымбат автотұрақ көшелерде орналасқан. Мақсат көшелердегі автотұраққа сұранысты төмендету.

Сауда орталығы, аурухана секілді жерлерде автотұрақ ақысыз. Бұл мекемелердің 3 сағаттан кейін белгілі сома талап етуге құқығы бар. Дегенмен, елде ешқандай сауда орталығы автотұрақ үшін төлем сұрамайды. Ал тұрғын үй құрылыс компаниялары шаршы метріне қарап, автотұрақпен қамтамасыз етуге міндетті. Мысалы, тұрғын үй аларда автотұрақ бірге және ақысыз беріледі.

Ферудун Тарым, реконструкция және қала құрылысы басқармасы директоры:

- Мәселен, бүгінде  әрбір 180 шаршы метрге дейінгі пәтерге 1 автотұрақ берілуі тиіс. Ал үйіңіз одан үлкен болса қосымша тағы бір орын бөлінеді. Құрылыс компаниялары әр пәтерді есептеп автотұрақты әзірлеуі тиіс. Болмаған жағдайда құрылыс компаниясы немесе тұрғын үй кешені әкімшілігі, жергілікті басқару органымен келісіп, ақылы автотұрақ қызметіне жүгінеді. 

Жалпы ақылы автотұрақтан келген табыстың басым бөлігін жергілікті әкімшілік кадр бөлімі мен жалдау ақысына жұмсайды екен. Қалған қаражатты жаңа автотұрақтарды анықтау, құрылыс бастау секілді жұмыстарға қолданады. Мұндағы мақсат автотұрақтарда қызмет ететін қызметкерлердің білікті әрекет етуін қамтамасыз ету.