Буча мен басқа қалаларда жүздеген адамды азаптап өлтірген – В.Зеленский

Әлеуметтік желілерде «Бучадағы қырғын» деген хэштег кеңінен тарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украиналықтар қала көшелеріндегі қолы байланған мәйіттердің суретін жаппай жүктеп жатыр. Киев облысындағы жағдайға қатысты халықаралық қауымдастық өкілдері де пікір білдірді. Олар қырғынды ұйымдастырғандарды жауапқа тартуды талап етті. Әлеуметтік желіде Киев облысындағы Буча қаласында түсірілген жантүршігерлік кадрлар тарап жатыр. Олардан жерде жатқан мәйіттерді көруге болады. Кейбірінің қолы байланған. Украина билігі бұл Ресей әскерилерінің ісі, деп болған оқиғаны әскери қылмысқа теңеді. Содан соң Халықаралық қылмыстық сот өкілдерін дәлел-дәйек жинауға қалаға шақырды.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Әдетте президенттер мұндай үндеу жасамайды. Бірақ бүгін мен бұл сөздерді айтуға мәжбүрмін. Буча мен басқа қалаларда жүздеген адам азаптап өлтірілген. Көшелер мәйіттерге толды. Миналар қойылған. Тіпті жарылғыш заттар мәйіттердің арасында жасырылған. Біздің жерімізге зұлымдық келді. Кісі өлтірушілер, баскесерлер, әйел зорлаушылар, тонаушылар өзін әскер деп атап жүр. Олар тек өлімге ғана лайықты. Меркель ханым мен Саркози мырзаны мына сұмдықты өз көзімен көру үшін Бучаға шақырамын.

Анатолий Федорук, Буча қаласының мэрі:

– Оқ тиіп өлген 21 адамның денесін өз көзіммен көрдім. Бұл Украинаның бейбіт тұрғындарына қарсы жасалып жатқан геноцид. Мұны басқаша атау мүмкін емес.

РЕСЕЙ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАРДЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ

Ресей билігі тағылған айыптың бәрін жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, жария етілген кадрлардың барлығы Киевтің кезекті арандату әрекеті.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Буча Ресей әскерінің бақылуында болғанда бірде-бір бейбіт тұрғынға зорлық-зомбылық көрсетілмеген дейді. Олар қаланың оңтүстік аудандары күні-түні Украина әскерилерінің шабуылына ұшырағанын айтады.

РФ қорғаныс министрлігі:

Буча Ресей әскерінің бақылауында болған кезде тұрғындар қалада емін-еркін жүріп, ұялы байланысты қолданып келді. Елді мекеннен шығатын жолдар жабылған жоқ. Тұрғындарда солтүстік бағытта, соның ішінде Беларуське қарай шығу мүмкіндігі болды. Ал шаһардың оңтүстік аудандарын Украина әскерилері атқылап отырды. Ресей жауынгерлері Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерден кейін келесі күні, яғни 30 наурызда Бучадан кетіп қалған. 31 наурызда қала мэрі Анатолий Федорук бейнеүндеуінде Ресей әскерінің жоғын растады. Бірақ қолдары байланып көшеде жатқан мәйіттер туралы тіс жарған жоқ.     

Сергей Лавров, Ресейдің сыртқы істер министрі:

– Біз бұл нақты мәселе бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге шақырамыз. Өйткені мұндай арандату әрекеттері халықаралық қауіпсіздік мәселесіне қауіп төндіреді.