«Құмтөр» алтын кен орны Қырғызстанға қайтарылды

«Құмтөр» алтын кен орны толық Қырғызстан иелегіне өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін аталған кенішке қожалық еткен канадалық инвестор мен ел үкіметінің арасында келісімге қол қойылды. Құжатта екі тараптың барлық сот шағымдарынан бас тартатыны жазылған.

Қырғыз билігі мен канадалық «Центерра Гоулд Инкорпорейтид» компаниясының арасындағы келіссөздердің жүргізілгеніне 1 жылдан асты. Үкімет экологияны қорғау бойынша бірнеше шағым да түсірген. Талап-арыз сомасы 3 миллиард долларды құраған. Оны өтеуден бас тартқан соң кәсіпорынға былтыр мамырда сыртқы бақылау орнатылды. Осыдан кейін Канада тарапы халықаралық сотқа жүгінді.

Садыр Жапаров, Қырғызстан президенті:

- «Құмтөр» кен орны бұдан былай Қырғызстанға толық өтеді. «Құмтөр Гоулд Компанидің» 100 процент акциясы біздің республиканың еншісінде. Сыртқы бақылау орнатылған 2021 жылдың 15 мамырынан бері түскен барлық кіріс бізге тиесілі, оның көлемі 323 миллион доллардан асады.

Бұдан басқа, келісімшарт бойынша канадалық компания Қырғызстанның табиғи ресурстарын қорғау мақсатында 50 миллион доллар өтемақы төлейді. Өндірістен кейін қалпына келтіру жұмысына арналған 53 миллион долларлық қорға бақылау орнатылады. «Қырғызалтын» мен «Центерра» өзара акция алмасып, қырғыз тарапы бірлескен компаниядағы үлесі мен кен орнын қайтарып алады. Сондай-ақ бейбіт бітімге келу мақсатына жету үшін канадалық тарап «Қырғызалтын» шотына қосымша 11 миллион доллар аударады.

Садыр Жапаров, Қырғызстан президенті:

- Сот процесі мен халықаралық төрелік өте ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін жақсы білесіздер. Бұл жолда ондаған миллион доллар шығындап, кемі 5-8 жыл уақытымызды жоғалтар едік. Оң шешімге қол жеткізуіміз де екіталай болатын.

Канадалық компания «Центерра» кәсіпорны акцияларының 26 процентін алады. Әуелде бұл үлес қырғызға тиесілі еді. Аталған акциялардың құны 972 миллион канада долларына тең. Енді халықаралық төрелік соты 2 айдың ішінде біржола тоқтатылады.

Ернат Мелсұлы, Бақыт Чермашев