Бірқатар елде ковид жұққан адам саны артып барады

Әлемнің бірқатар елінде коронавирус жұқтырғандар саны артып барады. Әсіресе омикронның жаңа түрі тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Сонымен COVID-19 бойынша жаһандағы ахуал қандай? Қай елдерде жағдай ушығып тұр?

Қытай коронавирусты жеңе алар емес. Бір айдан астам уақыт өтсе де, ел билігі инфекцияның таралуын тоқтата алмай келеді. Әсіресе Шанхайда жағдай күрделі. Бұл қалада 13 мыңнан астам азамат вирус жұқтырған. Осыған байланысты шаһарға өзге өңірлерден 40 мыңға жуық медицина қызметкері жіберілді. Тіпті әскерилер де жұмылдырылды. Мақсат – шаһар тұрғындарын тез арада вирусқа тексеріп шығу. Соңғы есеп бойынша 14 млн астам адам ПТР-тест тапсырған. Жалпы бұл істі қысқа мерзімде орындау үшін жергілікті билік арнайы локдаун режимін енгізген. Сондықтан қазір тұрғындарға себепсіз далаға шығуға болмайды. Көптеген компаниялар қашықтан жұмыс істеп жатыр.

У Цяньюй, қалалық денсаулық сақтау жөніндегі қалалық комитеттің өкілі:

- Тестілеу үшін 6300 сынама алу пункті құрылды. Бұл жұмысқа Шанхай мен көршілес Цзянсу мен Чжэцзян провинцияларынан 17 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды.

АҚШ-тағы эпидемиялық жағдай да қазір асқынып тұр. Мұнда омикронның ВА2 деп аталатын жаңа түрі тарап жатыр. Американың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша азаматтардың 70 проценттен астамы дәл осы инфекцияны жұқтырған. Осыған байланысты ел билігі шұғыл шешім қабылдап, науқастарды емдеуге 10 миллиард бөлетін болды.

Джен Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

- Коронавируспен күресу жоспарына атсалысқан Сенатқа алғысымызды білдіреміз. Бірақ соған қарамастан қаржыландыруды 22,5 миллиард долларға дейін арттыруды сұраймыз. Ол халықты қайта вакциналауға жұмсалады. Елдегі эпидемиялық жағдай тұрақты болу үшін біз қосымша шара қабылдауымыз керек.

Өз кезегінде Ұлыбританияда коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша жаңа рекорд тіркелді. Бір аптаның ішінде 4,9 миллион адам науқас деп танылды. Ұлттық статистика агенттігі келтірген мәліметке сәйкес, қазір қауіпті вирус әрбір 13-британдықтан анықталады. Мұндай көрсеткіш наурызда елдегі карантиндік шектеулер алынып тасталған соң тіркеле бастаған.

Оңтүстік Африка Республикасында керісінше ұлттық апат режимі алынып тасталды. Бұл тәртіп осыдан екі жыл бұрын жарияланған еді. Алайда алдағы бір айда елдегі бірқатар шектеу шаралары күшінде болады. Мәселен, тұрғындар ғимарат ішінде маска тағуға міндетті. Бұқаралық іс-шараларға да тыйым бар. Ал елге келетіндер вакцина алғанын немесе ПТР-тестілеуден өткенін растауы тиіс. Бұдан бөлек Оңтүстік Африка Республикасының басшысы елде өлім көрсеткішінің азайып жатқанын да жеткізді. Айта кетейін, осы уақытқа дейін Оңтүстік Африка Республикасында 4 миллиондай адам вирус жұқтырды. Соның 100 мыңнан астамы көз жұмды.