Елімізде балық шаруашылығын жүргізу әуре-сарсаңға айналды

Балық шаруашылығымен айналысуға кедергі көп. Түрлі төлем, талаптар көбейген. Қостанай облысы Әулиекөл ауданында тұратын кәсіпкер Владимир Гуськов арнамызға осылай деп шағымданды. Су айдынын жалға алғандарға қосымша талаптар енгізіліп, балықшылардың жұмысын тұралатқан көрінеді. 

Владимир Гуськов 24 жылдан бері балықшылықпен айналысады. Сол ширек ғасыр бойы жалға алған Океан деп аталатын көлдің күтім-бабына бар күш-қуатын сарп еткенін айтады. Тек соңғы 3-4 жылдағы қуаңшылықтан су айдыны біршама саязданып қалған. Тиісінше балық та азайған. Осындай қысылтаяң шақта облысаралық бассейн инспекциясының көлге ғылыми биологиялық негіздеме жасаңдар деген талабы  жығылғанға жұдырық болды деп отыр.   

Владимир Гуськов, кәсіпкер:

- Ақылға салсақ, жалға беруші судың құрамын, көлемін, қандай балық түрін өсіруге болатындығын көрсетіп, ғылыми негіздемені өздері дайындап беруге тиіс ғой. Ал олар біздің есебімізден істегісі келеді. Биологиялық негіздемеге мен 100 мың тенге төлеуім керек екен. Одан бөлек 30 мың тенге шекті ақысы тағы бар. Осының бәрін есептесең, балық шаруашылығымен айналысудың түк тиімділігі болмай қалады.

Владимир Гуськов заңда су айдындарына биологиялық негіздеме бюджет есебінен жасалатындығы көрсетілген дейді. Ал Тобыл-Торғай облысаралық бассейн инспекциясы мамандары онымен келіспейді.

Маржангүл Дәндібаева, Тобыл-Торғай облысаралық бассейні инспекциясының бөлім  басшысы: 

- Заңға сәйкес, жаңағы биологиялық негіздеме әр көлге, бекітілген көлге табиғат пайдаланушымен дайындалады. Соның есебінен төленеді. Егерде көл бекітілмеген болса, онда мемлекет есебінен жүргізіледі жаңағы жұмыстар.

Сонымен қос тарап та заңға сүйенеді. Владимир Гуськов келтірген заңның 22-бабының 2-тармағын сөзбе-сөз оқысақ,  

/ГРАФИКА/

жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдаланудағы ғылыми зерттеулер бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады делінген. Ал сол баптың келесі үшінші тармағында су айдындарындағы жануарлар дүиесінің жай-күйін жыл сайын бағалау олар бекітіліп берілген жеке және заңды тұлғалардың есебінен атқарылады деп жазылған. Бар айырмашылық біріншісінде ғылыми зерттеу, екіншісінде жыл сайыңғы бағалау деген анықтама  /ГРАФИКА СОҢЫ/

Ал биологиялық негіздемені екеуіне де жатқызуға болады. Біз түгілі тіс қаққан заңгерлердің өзі аталған баптың шикілігі бар екендігін растап отыр.

Ерлан Бұзырбаев, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының сарапшысы:

- Бұл жерде заңға түзету енгізу керек сияқты. Биологиялық негіздемеге сүйеніп бағалау жүргізілетіндіктен екі ұғымды жекелемей, біріктірген дұрыс. Сонда жұрт шатасып, мұндай мәселелер туындамас еді. Бірақ қазіргі нұсқасында да биологиялық негіздемені бюджет есебінен қаржыландыруға 22-баптың 2-тармағы негіз бола алмайды.

Су айдыны иелерін биыл биологиялық негіздеменің құны күрт қымбаттап кеткендігі де алаңдатып отыр. Және оны уақытында алудың әуре-сарсаңы көп екен.

Маржангүл Дәндібаева, Тобыл-Торғай облысаралық бассейні инспекциясының бөлім басшысы:

- Біздің облыс бойынша негіздеме жасайтын мекеме жоқ. Біреу ғана, ол Нұр-Сұлтан қаласының филиалы болып табылады. Алдыңғы жылдары ғылыми мекеме бүкіл пайдаланушыларға бір негіздемені жасайтын. Сондықтан оларға арзан болып түсетін, қазіргі уақытта олардың шарттары өзгерді. Әр пайдаланушымен бөлек-бөлек шарт жасайды да әр пайдаланушыға бөлек биологиялық негіздеме жасайтын болғандықтан бағалары сондай қымбаттады.    

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қостанай облысында балық шаруашылығымен айналысуға болатын 800-ден астам су айдыны бар екен. Бүгінде соның 250-і жеке адамдарға жалға берілген. Ал ғылыми биологиялық негіздеме алып үлгіргені сол 200-дің төрттен бірі ғана. Ол құжатсыз кәсіпкерлерге балық аулауға рұқсат берілмейді. Ұсталып қалса, алдымен айыппұл салынады,содан кейін арадағы келісім-шарт бұзылады.