Краматорск зымыранмен атқыланды

Соңғы мәлімет бойынша Украинаның Краматорск қаласының вокзалына зымыранмен шабуыл жасалған. Елдің қауіпсіздік қызметі 39 адам көз жұмғанын хабарлады. Арасында 4 бала бар. Тағы жүзден астамы жарақат алған. Қала әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, шабуыл кезінде вокзалда 4 мыңға жуық бейбіт тұрғын болған екен. Ресми Киев бұл Ресейдің ісі екенін айтады. Орыстар айыпты жоққа шығарып отыр. Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілдері бүгін Краматорскте ешқандай әскери шабуыл жоспарланбағанын хабарлады. 

Мариуполь мэрі қала жарықсыз қалғанын айтты

Украинада бүгін 10 гуманитарлық дәліз ашылады. Бұл туралы осы елдің вице-премьері Ирина Верещук мәлімдеді. "Жасыл дәліздердің" бірі арқылы Мариуполь тұрғындары эвакуацияланады.

Қаланың жаңа мэрі Константин Иващенконың айтуынша, әскери іс-қимыл басталмай тұрып мұнда халық саны 600 мың болған. Алайда қазір шаһарда солардың жартысы ғана қалған. Иващенко қарулы қақтығыстан Мариупольде 5 мыңға жуық бейбіт тұрғын көз жұмғанын хабарлады.

Айтуынша, қалада қазір жарық жоқ. Сорғы станциясы мен кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Елді мекенде тұрғын үй қорының 60-70 проценті қираған. Шаһар басшысы қазір 50-60 мыңдай тұрғын жертөледе жасырынып жүргенін мәлімдеді.  

Евгения, Мариуполь тұрғыны:

- Мына жерде менің үйім болатын. Ол өртеніп кетті. Бірақ қаладан кетпейміз. Осында қаламыз. Бәрін жаңадан бастау қиын. Қазір уақытша баспанада тұрып жатырмыз. Оны қанша паналайтынымыз белгісіз. Жақындарымнан анам ғана бар. Екеуміз аманбыз. Бірақ көз жұмған және жарақат алған көп адамды білемін. Қорқынышты. Тамақ бірде болса, бірде жоқ. Кейде гуманитарлық көмек келеді.

Ресей Мариупольге гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, ауыз су мен дәрі-дәрмек жеткізген. "Марш мира - детям Мариуполя" жобасының ұйымдастырушысы Дмитрий Исаенконың айтуынша, қазір қаладағы балаларды Ресейдің ең үздік шипажайларына жіберу жағы қарастырылып жатыр.   

Светлана, Мариуполь тұрғыны:

- Бізге гуманитарлық көмекпен сұлы, өсімдік майы секілді азық-түлік жеткізілді. Үйде кішкентай бала бар. Жүктің ішінде оған сыйлық салынған екен. Қазір тұрғындар тамақты үйде емес, далада от жағып, сонда әзірлеуге мәжбүр. Жарылыстан кейін үйім күл-талқан болды. Үстімдегі бір қабат киіммен ғана қалдым.

Бородянканы қалпына келтіру жұмыстары басталды

Ресей әскерінен азат етілген Бородянка қаласында үйінділер астынан 26 адамның жансыз денесі табылды. Бұл туралы Украинаның бас прокуроры Ирина Венедиктова хабарлады. Ресми Киев бұл Ресейдің ісі дейді. Алайда Кремль бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған шабуылдарды жоққа шығарып келеді. Жергілікті билік Бородянкада 200 тұрғынның із-түссіз жоғалып кеткенін айтады. Киев облысында орналасқан бұл елді мекендегі инфрақұрылым нысандарының тас-талқаны шыққан. Енді ай соңына дейін қалпына келтіру жұмыстарының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Ресей адам құқықтарын сақтамайды. Бұл бұрыннан бері жалғасып келеді. Мүмкін болашақта бұл өзгеретін шығар. Алайда Бучадағы жағдайдан кейін Ресей әскері үлкен қауіп төндіріп тұрғанына көзіміз жетті. Қазір Бородянкағы үйінділерді аршу жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы ахуал Бучадан да қиын. Құрбандар көп.

Украинадан 2 миллионнан аса бала кетіп қалған

Жалпы соғыс басталғалы Украинадан 4 миллионнан аса адам босып кеткен. Солардың 2 миллионы - балалар. Бұл туралы ЮНИСЕФ хабарлайды. Көбі көрші елдерге қоныс аударған. Басқа мемлекеттерге бас сауғалағандары да жетерлік. Германия билігі елге келген украиналық босқындарды қолдауға 2 миллиард еуро бөледі. Ал Ресей ішкі істер министрлігі өкілдерінің хабараулынша, Донецк және Лугансктен келген 18 мыңнан аса адамға азаматтық берілген. Орыс үкіметі оларға берілетін бір реттік 10 мың рубль көлемін ұлғайтқан.

Сондай-ақ...