Тунис жағалауында қайық апатынан 13 мигрант суға кетті

Тунистің Сфакс қаласының маңында мигранттар мінген қайық суға кетіп, 13 африкалық босқын ажал құшты.

Олардың арасында 4 әйел мен 4 бала бар. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, тағы 10 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. 19 мигрант құтқарылды. Олар далада от жағып бой жылытқан. Жергілікті тұрғындар ас-су, киім-кешек берген. Соңғы айларда қақтығыс пен кедейшілікке ұшыраған Тунис пен Ливиядан Еуропаға қарай қоныс аударушылар көбейді. Алайда Жерорта теңізінде апатқа ұшырап, мақсатына жете алмай бақилық болғандар да аз емес.