Қырғызстан коммерциялық банкі ресейліктерге халықаралық төлем карталарын ашуға кірісті

Бұрың-соңды болмаған шектеулер Ресей федерациясын әбден тығырыққа тіреп, экономикасын құлдыратуды көздеп отырғаны анық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мал-жанын бағып, бизнесін сақтап қалу үшін ресейліктер түрлі амалға көшуге мәжбүр. Халықаралық аударымдарды іске асыру мақсатында Грузия, Өзбекстан елдеріне барып, банк есепшоттарын аштырып жатқан жайлары бар. Осылайша бұл көктемде «Карталық туризм» атты жаңа ұғым пайда болды.

Қырғызстанның коммерциялық банкі Ресей азаматтарына халықаралық төлем карталарын ашуға кірісті. Коммерсант баспасының хабарлауынша, банктің Мәскеудегі кеңсесі арқылы Visa картасын аштыру үшін 17,5 мың рубль төлесе болғаны. Бұған дейін Өзбекстан ұсынған екі күндік «Карталық тур-ға» қарағанда бұл қызмет анағұрлым арзанға түседі. Алайда мұндай ұсыныс ресейліктер үшін де, банк үшін де қатерлі болуы мүмкін.

Дмитрий Шевченко, «Замоскворечье» заң бюросының басқарушы әріптесі:

– Шетелдік банктер арқылы ресейліктердің картаны рәсімдеудегі көмекті АҚШ билігі мен Еуроодақ санкцияларды айналып өтудің амалы деп тануы мүмкін. Мұндай кезде ресейліктерге карта ашатын шетелдік банктер халықаралық төлем жүйесінен ажыратылуы ықтимал.