Берлиннен табылған көше бөліктері қала музейіне қойылмақ

Берлиннен табылған 800 жылдық тарихы бар көше бөліктері қала музейіне қойылатын болды. Тарихи сенсация деп бағаланған ортағасырлық олжа жер асты жөндеу жұмыстары кезінде тосыннан табылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Археологтардың айтуынша, ел астанасының ең ескі көшесі Шпрее өзенін бойлай, сол уақыттағы сүт базарына апарған. Зерттеу жұмыстары кезінде ұзындығы – 50 м, ені – 6 м болатын жол бөлігі қазылып алынды. Бір қызығы көше құрылысына үш қабатты етіліп, қарағай, емен және қайың бөренелері қолданылған. Мамандар материалдардың жақсы сақталғанын көріп, таңданысын жасырмады. Олардың қаз қалпында қалуына көп мөлшердегі жер асты суларының оттегі өткізбеуі себеп болған. Тарихи құндылығына қарамастан, көне көшені қайта көміп тастау жоспарланған. Алайда біраз бөлігін Берлин музейлеріне өткізіп, көпшіліктің назарына ұсынбақ. Тағы біраз ағашты қызығушылық танытқан ұсталар мен мүсіншілерге тегін таратпақ.

Михаэль Маллиарис, археолог:

– Осы олжаны тапқанда, қалай қуанғанымызды көрсеңіздер ғой. Бұл аймақта жер астындағы ағаш материалдар мұнша ұзақ сақталмайды. Қазба жұмыстары кезінде тұрмыс тіршілікке қатысты өзге де деректер табамыз ба деп едік, болмады. Соған қарағанда, жаңадан төселген көшені су басып, сол беті қара жердің құшағында қалып қойған болуы мүмкін. Уақыт өте үстіне жаңасын салған. Берлинмен құрдас көшенің бөліктерін экспонат ретінде алуға Берлин тарих музейі мен Археология үйі қолқа салып отыр.