Локдаун кезінде көңіл көтерген Борис Джонсон айыппұл төлейтін болды

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон және қаржы министрі Риши Сунак пандемияның өршіген тұсында сауық кештеріне қатысқандары үшін жауапқа тартылмақ. Коронавирустық шектеулерге бағынбаған жоғары лауазымды шенеуніктер айыппұл төлейді. Оппозиция өкілдері болса, екеуінің де отставкаға кетуін талап етіп жатыр. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Хәл үстінде жатқан жақындарымен соңғы рет кездесуге тыйым салынған қатаң локдаун кезінде Борис Джонсон әріптестерімен бірге туған күнін тойлаған. Даунинг стриттегі ресми резиденцияда өткен мерекелік кеште қаржы министрі Риши Сунак және премьер-министрдің жұбайы Кэрри Джонсон төбе көрсеткен. Өздері жариялаған коронавирустық шектеулерді өздері бұзғандардың қатарында басқа да мемлекеттік шенеуніктер бар. Барлығы 12 мерекелік кешке қатысқандар енді түгел жауапқа тартылады. Үкімет басшысы Лондон полициясынан айыппұл түбіртегін алғаннан кейін “жаздым, жаңылдым” деп кезекті рет кешірім сұрады. Бірақ қызметінен кетуден бас тартты.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Мен көпшіліктің ашуын түсінемін. Халық бізден көп үміт күтті, енді сол үмітті ақтау үшін бұрынғыдан да зор әрекет етуіміз керек. Шынымды айтсам, ол кезде шектеулерді бұздым деп ойламаппын. Мойныма жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, елдегі өзекті мәселелердің шешілуіне әрі қарай күш салғым келеді.

Қаржы министрі Риши Сунак та креслосын босатпайтындығы туралы мәлімдеді. Ашуға мінген оппозиция Пасха каникулында демалып жатқан Парламентті қайта жинап, үкімет басшысына қарсы сенімсіздік вотумын жариялауға шақырды. Мұны жүзеге асыру үшін барлығы 54 депутаттың даусы керек. Ал бұған дейін Джонсонның 20-ға жуық партияласы ғана премьерге сенімсіздік білдіріп, парламентке хат жолдаған болатын.

Кир Стармер, лейборшылар партиясының көшбасшысы:

- Көптеген халық қарт туыстарын көре алмай, жерлеу рәсімдеріне бара алмағандары үшін үйлену тойларына қатысып, сәбилерінің дүниеге келгенін көрмегендері үшін өздерін кінәлі санады. Ал премьер-министр мен қаржы министрі бұл уақытта сауық-сайран құрып жүрді. Олар бүкіл үкіметті масқара етті, өздерін заңнан жоғары қойып, тәртіпке бағынбады. Сондықтан отставкаға кетсін!

Бұдан бұрын 50-ден астам шенеуніктің коронавирустық шектеулерді бұзғаны дәлелденген еді. Тәртіпке бас имегендердің әрқайсысы 50 стерлинг фунты, яғни 30 мың теңге шамасында айыппұл төлейді. Айта кету керек, Борис Джонсон заңға қайшы әрекет етіп, жауапқа тартылған Біріккен Корольдіктің бірінші премьер-министрі.

Ғалымжан Қараманұлы