Украинада ел ішінде 7 млн босқын қоныс аударған

БҰҰ-ның мәліметі бойынша Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 7 млн босқын ел ішінде қоныс аударды. Тағы 4 млн астамы шекара асуға мәжбүр болды.

Жалпы Украиналық босқындардың 90 проценті әйелдер мен кәмелет жасқа толмаған балалар. Арасында ата-анасынан айырылғандар да бар. Ұйымның босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары адам саудасымен айналысатындар бірінші кезекте осы санаттағы азаматтарға көз тігетінін айтып, бұл қылмыстың алдын алу керек деді. Ал, БҰҰ бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик аймақтағы медициналық мекемелерге жасалған шабуылды қатаң сынады.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

- Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін бар күшімізді саламыз. Жәрдемге мұқтаж жандардың қатары артып барады. ЮНИСЕФ аймақты сумен қамтамасыз ету үшін қаржы бөлді. Су тарту үшін жауласқан тараптар халықаралық гуманитарлық құқықты бұзбай, инфрақұрылымды зақымдамау керек. Медициналық мекемелерге жасалған шабуылдарды да доғаруы тиіс.  Күні кеше ғана онда 108 соққы жасалған. Тауяда ДДСҰ мен ЮНИСЕФ және өзге де гуманитарлық серіктестеріміз Украинаның шығысына  570 тонна медициналық жабдық мен дәрі-дәрмек жіберді.