АҚШ-та жазда жанармай бағасы рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін

Америкада биыл жазда жанармай мен дизельдік отын бағасы шарықтап, 2014 жылдан бергі рекордтық көрсеткіштерге жетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің энергретика министрлігі осындай болжам жасап отыр. Сарапшылар оған Украинадағы шиеленіс әсер еткенін айтады. Бұл ретте билік құрамында 15 процент этанолы бар жанармайды сатуға рұқсат беретін болды. Тиісті ереже 1 маусымнан бастап 3 жарым айға енгізіледі. Негізі АҚШ-та 2011 жылдан бері талап бойынша жанармай құрамындағы этанолдың мөлшері 10 проценттен аспауы тиіс. Бұл күннің ыстығы кезінде түтінді азайту үшін қажет.  

Джейсон Эмерсон, жергілікті тұрғын:

Жанармай қымбаттап кетті. Одан бөлек азық-түлік те қымбаттады. Бұл, әсіресе, балалары бар отбасылар үшін ауыр тиіп отыр. Алдымен коронавирустан күрделі экономикалық жағдайға тап болып едік. Енді, міне, Украинадағы әскери қақтығыс салдарынан энергия тасымалдшаулардың қызметі қымбаттап, ахуал одан бетер ушығып кетті.