Азық-түлік дағдарысының зардабын қай ел көбірек тартып отыр

Дүниежүзілік сауда ұйымының болжамынша, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қымбатшылық әлем елдерін де жайлап барады. Әсіресе азық-түлік пен тыңайтқыштардың бағасы күрт өсті. Бұған Украинадағы ахуал себеп болып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымының жаһандық алыс-беріс бойынша болжамы да көңіл көншітпейді. Дүниежүзілік сауда ұйымы әлемдегі биылғы алыс-беріс өсімін 1,7 процентке төмендетті. Бастапқы болжам 4,7 процент болатын. Әлемдік саудадағы үлесі аз болса да, Ресей мен Украина астық, энергия ресурстары мен тыңайтқыштар жеткізу бойынша әлемде алдыңғы орында екен. Бұл бағытта қазір әскери қақтығысқа байланысты үлкен қиындықтар туындап отыр.

Нгози Оконджо-Ивеала, ДСҰ бас директоры:

– Соңғы жылдар әлемдік экономика үшін оңай болып жатқан жоқ. Пандемия экономиканы артқа тартып жатыр. Оған Украинадағы соғыстың зардабы қосылды. Осы қос соққының кесірінен тауар жеткізу тоқтап, инфляция күшейіп, өндіріс қарқыны бәсеңдеп, сауда тоқырады. әсіресе кедей елдерге ауыр болады.

АЗИЯ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚЫМБАТШЫЛЫҒЫНА ТАП БОЛДЫ                    

Нарықтағы тұрақсыздықтың салқынын экономикасы мықты елдер де сезіп жатыр. Оңтүстік Корея, Жапония мен Қытайда жанармай мен ет, көкөніс, дәнді дақылдар қымбаттады. Оңтүстік Кореяда инфляция деңгейі соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Ал Қытайда тағам өнімдерінің бағасы 20 процентке артты.

Қоспалар қатты қымбаттады. Мысалы, ұлттық тағамымыз кимчиді жасауға бұрын жарты қырыққабат қана кететін, қазір ол жетпейді. Сонда да өз өнімімді бұрынғы бағасына сатып жүр едім, енді көтермесем болмас.

Бұрын кеспеміз қолжетімді бағада болатын. Алайда айналаның бәрі қымбаттап жатыр. Сондықтан біз де бағаны көтердік. Әйтпесе бизнесіміз құриды.

Бізде сиыр еті 50 процентке қымбаттады. Бұрынғы бағаны ұстап тұру қиын. Шанхайдағы барлық мейрамхана тығырыққа тірелді.