Киевке зымыранмен соққы жасау қаупі әлі жоғары – Украина Қорғаныс министрлігі

Киевке чехиялық дипломаттар орала бастады. Бұған дейін Еуроодақ, Эстония, Латвия мен Түркия елдері қызметкерлерін осы елге қайтарған болатын. Қала тұрғындары да қайтып жатқан көрінеді.

Шаһар басшысы Виталий Кличконың айтуынша, 24 ақпаннан кейін өзге жерге қоныс аударған қала тұрғындарының үштен екісі бүгінде Киевке оралған. Десе де, Украина билігі бұл істе асығыстық жасамауға шақырып жатыр. Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың сөзінше, қалаға зымыранмен соққы жасалу қаупі әлі де жоғары. Бұдан бөлек Ресей Украинаға қарсы шабуылын үдете түсу үшін әскери күшін шоғырландырып жатыр екен. Осыған байланысты Киев мамыр айында да қарулық қақтығыс тоқтамайды деген пікірде.

Бір тәулікте Украина аумағында 800-ден астам нысанның көзі жойылды. Ресейдің Қорғаныс министрлігі әскери қақтығыс нәтижесі туралы осылай есеп берді. Бұдан бөлек аталған ведомство тұтқынға алынған украиналық сарбаздар жайлы да хабар таратты. Естеріңізде болса, кеше 1026 әскеридің қаруын тапсырғаны айтылған еді. Алайда ресми Киев бұған қатысты түсініктеме бермеді.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Мариуполь қаласын босату операциясы кезінде тағы 134 украин әскериі қаруын тастап, өз еркімен берілді. Олардың 14-і офицер. Жалпы бір тәулік ішінде 36-теңіз жаяу әскері бригадасының 1160 сарбазы тұтқынға алынды. Арасында 176 офицер бар.

С. Лавров: Twitter-дегі шектеулер негізсіз

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров өзі басқаратын ведомствоның Твиттердегі аккаунтының бұғатталуына қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл негізсіз жасалған шешім. Естеріңізге сала кетейін, өткен аптада Твиттер желісі Ресей сыртқы істер министрлігінің Бучадағы бейбіт тұрғындардың қаза табуына қатысты хабарламасына шектеу қойған болатын. Ал кеше дәл осы шаһарға Гаагадағы халықаралық трибуналдың бас прокуроры барып қайтты. Оның сөзінше, жақын күндері Бучадағы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Гаагадан бір топ сот-медициналық сараптаушылар жіберіледі. 

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

- Біздің министрлік пен шетелдегі мекемелеріміздің Твиттер желісіндегі жарияланымдары негізсіз бұғатталып жатыр. Шындықты айтқанымыз үшін, сөзімізді дәлелмен қуаттағанымыз үшін шектеу қойылды. Бірақ мұндай әрекеттерге қарамастан, біз заң аясында әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзіміздің ақпараттық жұмысымызды ары қарай жалғастыра береміз. Десе де, толығымен отандық технологияларға ғана арқа сүйейміз.

Сондай-ақ...