Вашингтон: НАТО «ашық есік» саясатын ұстанады

«НАТО-ның ұлғаюы ешкімге қауіп төндірмейді, керісінше Еуропадағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі». АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс альянсқа Финляндия мен Швецияның кіру мүмкіндігіне байланысты осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, НАТО мәселеге қатысты "ашық есік" саясатын ұстанады. Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы ақпарат құралдарында қос мемлекеттің өз қауіпсіздік саясатын қайта қарастырып, НАТО-ға мүше болуды қарастырып жатқаны жиі айтыла бастаған.

Нед Прайс, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі:

НАТО-ға кіруге ниет білдірген кез келген мемлекет альянстың жарғысында көрсетілген талаптарға сай болып, оның келісімін алуы тиіс. Бірақ айта кету керек, НАТО – қорғаныс одағы. Сондықтан альянсқа шабуыл жасалмаса, қауіп төндірмейді.

РЕСЕЙ НАТО-НЫҢ ҰЛҒАЮЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА НҰҚСАН КЕЛТІРЕТІНІН ЖЕТКІЗДІ

Ал Мәскеу Финляндия мен швецияның НАТО-ға мүше болуы Еуропадағы тұрақтылыққа нұқсан келтіреді деп отыр. Осы ретте Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев қос мемлекет альянсқа қосылса, Балтық аймағының ядролық қарусыз мәртебесі бұзылатынын ескертті. Себебі Ресейдің НАТО-мен шекарасы ұлғайып, шекараны бекітуге мәжбүр боламыз дейді.