Өзбекстан шетелден IT мамандарды көптеп тартып жатыр

Өзбекстан шетелден ай-ти мамандарды көптеп тартуға кірісті. Жыл басынан бері 3 мыңға жуық қызметкерге қолайлы жағдай ұсынып, жұмысқа алған. Олардың көбі әлден өзбек елінде ұзақ уақыт тұрақтап қалғысы келетінін айтады. Оған не себеп? Ала шапанды ағайын шетелдіктерді қайтіп көндіріп, несімен қызықтырып жатыр? 

Өзбекстан шетелдік мамандар арқылы ай-ти сала экспортын арттырғысы келеді. Былтыр 46 млн доллардың өнімі сыртқы нарыққа саудаланған. Салада 600-дей компания бар. 11 мың 500 өзбекстандық soft орталықтарда еңбек етеді. Жыл басынан бері қатары шетелдіктермен толығып жатыр. Ресей, Беларусь сынды мемлекеттерден ат басын бұрғандар бар. Оларды мұнда ең алдымен салықтық жеңілдіктер қызықтырған.

Фарход Ибрагимов, IT парк директоры:

- Ай-ти компаниялар бизнеске қатысты салықтан босатылған. Тек еңбек ететін әр қызметші үшін 7 жарым процент көлемінде төлем жасайды. Оның басым бөлігі зейнетақы қорына аударылады. Мемлекет тек азаматтардың тұрақты еңбекпен қамтылуына басымдық береді. 

Ай-ти сала дегенде әдетте компьютерлік бағдарлама, мобильді қосымшалар ойға оралады. Ерекшелігі, өзбек елінде мұндай ауқымдағы жобалар қолға алынбайды. Тек технологиялық компанияларға қызмет көрсету, яғни сервистік жұмыстармен шектеледі. Оған қажетті арзан еңбек ресурсы жеткілікті. Заманауи инфрақұрылым Ташкентпен қоса тағы бірқатар қалада бар. Қалған өңірлерге сапалы интернет енді жеткізіліп жатыр.

Жаһангер Шүкіров, Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрлігінің басқарма басшысы:

- Біздің елде бірнеше американдық логистикалық компанияның колл-орталықтары бар. Онда сол мекеменің виртуалды сервистік жұмысы атқарылады. Компания ағылшын тілін білетін өзбекстандық мамандарды қызметке алды. Тауар тасымалдауға қатысты сұрақтарға осы жерде жауап беріліп жатыр. Шетелдік компанияға да, бізге де тиімді. АҚШ-та еңбекақы төлеу қымбат болғандықтан Өзбекстанда кәсібін жалғастыруды жөн деп тапқан. 

Осылайша қоңсылас ел экономикалық жағдайын адам ресурсы арқылы жақсартпақ. Жыл сайын орта есеппен 700 мың жас еңбекке араласады. Мемлекет кіші буынды тұрақты жұмыспен қамтып үлгіруі тиіс.

Жаһангер Шүкіров, Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрлігінің басқарма басшысы:

- Ай-ти сала экспортын 100 млн долларға жеткізу жөнінде тапсырма бар. Бұл мақсатты орындау үшін елдің барлық аймағында 20 IT орталық пайда болуы керек. Сол арқылы жаңа 5 мың жұмыс орыны құрылады.

Ай-ти әлеуетті арттырудағы тағы бір маңызды міндет – экономика салаларын цифрландыру. Білікті мамандарсыз бұл шаруа орындалмайды. Шетелден көбірек кадр тартудағы мақсат осы. Әлемде киберқылмыс та өршіп барады. Ал Өзбекстанның ақпараттық жүйелері жеткілікті деңгейде қорғалмаған. Олқылық таяуда қабылданған киберқауіпсіздік туралы заңмен реттелуі тиіс.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов