Польшада мыңдаған жүк көлігі шекарада тұр

Польша шекарасында Ресей мен Беларустің мыңдаған жүк көлігі тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санкциялардың салдарынан тауар тиелген техникаға сәуірдің 15-інен кейін Еуроодақ аумағында тұруға тыйым салынған. Жаңа шектеулердің тек пошта, дәрі-дәрмек, жанармай тиеп, жануарлар артқан көліктерге ғана қатысы жоқ.  Financial Times агенттігінің хабарлауынша, шекарадағы техникалар 10 күннен астам уақыт бойы тұруы мүмкін. Өйткені, әсіресе, Ресей мен Беларустен келгендер жіті тексеріледі. Қаңтарылып тұрғандардың арасында Монғолия, Өзбекстан мен Қазақстаннан шыққан жүк көліктері де бар. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, аймақтан уақытында  шығып кете алмағандарға айыппұл салынады, тіпті, көліктері  тәркіленуі мүмкін.

Дмитрий, жүргізуші:

– Қанша уақыт тұратынымыз белгісіз. Өте баяу қозғалып келеміз.  Сербиядан Беларуське жол тарттық. Көлікте жүк бар. Не болатынын білмеймін. Әлі талай жер жүруіміз керек. Польшаның шекара терминалына дейін әлі 16 шақырым бар. Үлгермейміз деп ойлаймын. Бұл жерде Беларусь, Ресей, Қазақстандық көліктер де кездеседі. Бәріміз де кезек күтіп тұрмыз.