Грузияда туризм саласы қайта жандана бастады

Мамандар бірінші тоқсанның көрсеткіші бойынша аймаққа 460 мың шетел азаматы келгенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғымен салыстырғанда 4 есеге артық.  Десе де 2019 жылғы пандемияға дейінгі көрсеткішке жетуге әлі ерте. Ол кезде елге келген меймандардың саны 9 млн-нан асқан еді. Есесіне туризмнен ел қазынасына  3 млрд доллар кіріс кірген. Ал, былтыр Грузияға 2 млнға жуық саяхатшы аяқ басқан.  Қазір аймаққа көбінесе туристер Түркия, Ресей, Израиль мен посткеңестік елдерден келеді. Грузияда туризм саласы мемлекет бюджетінің 10%-ін құрайды. Енді жағдай оңала бастағанмен, сарапшыла әлемдегі ахуалға байланысты нақты болжам жасай алмай отыр.

Давид Кешелава, Iset Policy Institute аға зерттеушісі:

Туризм 2021 жылдың аяғында жандана бастады. Былтырғымен салыстырғанда биыл жағдай түзелетініне үміттіміз. Десе де 2019 жылдан бері тұралап қалған саланы қайта дамыту үшін қанша уақыт қажет екені белгісіз. Бір тәуірі, қазір ресейліктердің көбі Еуропа елдеріне шыға алмағандықтан Грузияға келіп демалуды құп көре бастады.