Қамауда қалған Шанхай 

Қамауда қалған Шанхай 
Tengrinews

1 наурыздан бері Шанхайда ковид жұқтырғандардың саны 340 мыңға жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай көрсеткіш тіпті 2020 жылы Уханьда болған емес. 25 миллион халқы бар Шанхай локдаунға ұшырады. Қатаң шектеудің салдарынан зардап шеккендер бар. Локдаунның кесірі Қытайдың ғана емес, күллі әлем экономикасына тиіп жатыр.

Осы аптада әлеуметтік желіде Шанхай тұрғындары мен полицейлердің қақтығысы бейнеленген жазба тарады. Мәлім болғандай, ғимаратын карантин бекетіне айналдыру үшін бірнеше отбасыны басқа жерге көшірмек болған. Алайда кей тұрғын бұған келісе қоймады.

Науқастарды қабылдауға ауруханалардағы төсек саны 270 мыңға ұлғайтылды. Ал вирусты жұқтырғандардың саны 300 мыңнан асқан. Олармен байланыста болғандарды оқшаулауға тағы орын керек. Наурыздың 28-і күні 10 күнге жарияланған локдаун белгісіз мерзімге тағы созылды.

Айдер Измайлов, Шанхай тұрғыны:

- Бізді қашан босататынын нақты ешкім білмейді. Бейресми мәлімет қана бар. Оның өзінде біреулер шектеу 18 мамырда, енді біреулер 1 мамырда алынады дейді. Күн сайын тест тапсырамыз. Өз-өзімізді тексеру үшін бізге мынадай тест-пакет береді. Әр бес күн сайын төменге түсіп, кезекке тұрамыз. Сөйтіп тест тапсырамыз. Адамдар қажыды. Гуманитардық дағдарыс басталды. Азық-түлік жетпейді, бәрі қымбаттады.

Локдаунның салдарынан Шанхайда мұздатқыш пен тоңазытқыштың бағасы 2,5 есеге қымбаттады. Өйткені тұрғындар азықты молдау ғып алып, сақтауға тырысады. Спорт бұйымдарына да сұраныс күрт өскен. Үйде қамалған жұрт барынша амалдауға кіріскен. Бәрінен де тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүр денсаулық сақтау қызметкерлеріне қиын. Коронавируспен күресеміз деп, өзге науқастарға көңіл бөлуге мұршасы жоқ. Медициналық жәрдем көрсетілмегендіктен, басқа аурудан өлім-жітім көбейіп кетті. Сондықтан билік ковид жұқтырмаған науқастарды уақытылы қабылдауды міндеттеді.

Ли Цян, Шанхай қаласы партиялық комитетінің хатшысы:

- Эпидемияның алдын алу және короанвируспен күрес бойынша Бас хатшының нұқсаулығын орындадық. Шанхай тұрғындарын мұндай саяси шешімге түсіністікпен қарап, бір-біріне қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреміз. Эпидемиямен шайқаста жеңіп шығатынымызға сенеміз. 

Күн сайын 20 мыңнан аса адам вирус жұқтырады. Осыған қарамастан, Шанхайдағы шектеу сәл босаңсыды. Кей үйлердің тұрғындарына сыртқа шығуға рұқсат етілді. Бірақ үйден алысқа ұзауға болмайды. Мыңға жуық супермаркет қайта ашылған. Электронды коммерцияның платформалары да көмекке келді: курьерлер мен роботтар керек-жарақты үйге жеткізіп береді.

Ботагоз Сырғабаева, тілші:

- Коронавирустың таралуына тоқтау салу үшін Қытай билігі осындай қатаң шараға барған. Алайда Шанхайдағы локдаунның салдарынан бірқатар өндіріс жұмысын тоқтатты. Бұл Қытай ғана емес, әлемдік экономикаға кесірін тигізіп отыр. Осы аптада Еуроодақтың өндірістік палатасы локдаунның кесірі тауар логистикасына тигенін айтып, Қытай үкіметіне хат жолдаған еді. Өйткені, Шанхай машина құрастыру, чип және фармацевтика сынды ауқымды өндіріс орталығы саналады.

Алайда, Қытай билігі бұл қиындықтардың уақытша екенін айтады. Сөйтіп жалпы ішкі өнім наурыз айындағы көрсеткіш, яғни 5,5 процент деңгейінде деп болжап отыр. Жалпы, Шанхайдан бөлек, Қытайдың тағы 70 қаласында түрлі дәрежедегі шектеу енгізілген. Экономистер болса, Қытай экономикасының өсімі сәл тежелетінін айтады.

Ботагөз Сырғабаева, Бақыт Топтаева