Украина сарбаздары америкалық зеңбіректі меңгеруді бастайды

АҚШ Украина сарбаздарын жақында осы елге аттандырылатын ауыр зеңбіректерден атуды үйретуді бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қару құрама штаттардан жеткізілетін жаңа әскери көмекке енген. Осымен қатар Вашингтон енді Ресейдің әскери-өндіріс кешеніне санкциялар салынатынын айтып отыр. Ал Мәскеу жақында Украинаға әскери көмек көрсетіп жатқан елдердің бәріне наразылық танытып, нота жіберді.

Джон Кирби, АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Украина қарулы күштерін тақауда жеткізілетін америкалық ауыр зеңбіректермен атып үйретуді жуық арада бастаймыз деп сенемін. Жаттығулар Украинадан тыс жерлерде өтеді. Алдымен шағын топтар үйреніп, кейін олар елге оралған соң өзге әскерилерді жаттықтырады. Қазір шара қашан және қай жерде өтетінін айта алмаймын.

АҚШ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ РЕСЕЙДІҢ G20 САММИТІНЕ ҚАТЫСУЫНА ҚАРСЫ

Ал Ақ Үй Қаржы министрлігінің басшысы Джанет Йеллен Ресей делегациясы қатысатын «үлкен жиырмалық» кездесуіне бойкот жариялатынын растады. Саммит биыл қараша айында Индонезияда өтуі тиіс. Еске сала кетейік, өткен айда президент Джо Байден де Ресейді үлкен жиырмалықтан шеттетуді ұсынған. Бірақ Мәскеу бұған егер Ресей ұйымнан шығарылса, ешнәрсе қирап қалмайды деп жауап берген.