COVID шектеулері қай елдерде жеңілдетіліп жатыр

Еуропаның 2 елі медициналық маскадан бас тартпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бразилия билігі де пандемия басталғанда енгізілген ковид шектеулерді жеңілдетуге кірісті. Бірнеше америкалық әуе компаниясы жолаушыларға арналған талаптарды алып тастады. Бірақ бұл шешім Ақ үйге ұнамай отыр. АҚШ президенті Джо Байденнің ұшақ, пойыз, такси және тағы басқа қоғамдық көлікте бетперде киюді міндеттеу туралы бұйрығын Флорида штатының округтік соты заңсыз деп тапты. Сотқа шағымды Медициналық бостандықты қорғау қоры түсірген. Байден аталған нұсқауды өткен жылдың ақпанында шығарған. Сот қаулысы жарияланған бетте АҚШ-тағы "Американ Эйрлайнз", "Юнайтед Эйрлайнз", "Дельта Эйрлайнз" әуе компаниялары мен "Амтрак" ұлттық теміржол компаниясы шектеулерді дереу жеңілдетті.

Джен Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

– Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы аталған бұйрықтың мерзімін тағы 2 аптаға ұзартуды ұсынды. Бұл мерзім америка халқын қорғау жауапкершілігін нығайту үшін қажет болатын. Соттың қаулысы көңілімізден шықпай тұр. Тиісті орталық қоғамдық көлікте бетперде киюді әлі де ұсынып жатыр.

Ал бразилиялықтардың қуанышында шек жоқ. Олардың бұлай сауық құрмағанына 2 жылдың жүзі болған. Билік коронавирусқа байланысты 2 жыл бұрын енгізілген төтенше жағдай режимін алып тастады. Шектеулер де қоса алынды. Үкімет бұл шешімді елдегі эпидемилогиялық жағдайды жақсарту және вакциналау қарқынын үдету үшін қабылдағанын айтады. Бұл жаңалыққа әсіресе самбо мектептері қуанып жатыр. Олар осы аптаның аяғында Рио-де-Жанейро мен Сан-Паулуда карнавал өткізуге қызу кірісіп кетті.

Қуанышымда шек жоқ. Адамдарды құшақтаудың өзі бір ғанибет екен.

2 жылдай карнавал өткен жоқ. Енді басталғалы жатыр. Бұл үлкен қуаныш.

Италия тұрғындары үшін де 1 мамырдан бастап бетперде кию міндетті болмайды. Бірақ сонда да дәрігерлер ерікті түрде маска қолдануды ұсынып әлек. Қысқасы биылғы жаз италиялықтар үшін шектеусіз өтуі мүмкін.

ГРЕКИЯДА ДА КОВИД ШЕКТЕУЛЕРІ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

Үкімет 1 маусымнан бастап бетпердені міндетті түрде кию тәртібін алып тастамақ. Алайда қоғамдық көлікте бұл талап өз күшінде қалады. Сондай-ақ 1 мамырдан 31 тамызға дейін қоғамдық орынға кіргенде вакциналау куәлігі талап етілмейді.