ШЫҰ-ға мүше елдер халықаралық лаңкестік топ нысанына айналды

Бұл туралы терроризмге қарсы аймақтық атқару комитетінің директоры мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Руслан Мирзаев Ташкентте өткен жиында Ауғанстанның солтүстігінен көрші елдерге заңсыз есірткі тасымалының тыйылмай тұрғанын жеткізді. Былтыр Өзбекстанда қылмыстық топтардан 1,86 тонна өнім тәркіленген. Таяуда Тәжікстаннан Ресейге бағыт алған жүк көлігінен де 230 келі героин табылды. Бұл – Ауғанстаннан есірткі тасымалдау кезінде айласына құрық бойламайтындардың әрекеті. Олар көбіне солтүстіктегі елдердің көліктік инфрақұрылымын пайдаланады. Жүк жеткізуші тараппен келісіп, есірткі трафигін жалғастырады. Осы мәселеге Шанхай ынтымақтастық ұйымының есірткі тасымалына тосқауыл қою жөніндегі органы баса назар аударды. «Аталған дәліздер бойында енді бақылау күшейеді», – деді мамандар.

Руслан Мирзаев, ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымы атқару комитетінің директоры:

– Ұйымға мүше елдер халықаралық террористік топтардың негізгі нысанына айналды. Себебі героин өндірісі көп жылдардан бері Ауғанстандағы лаңкестердің басты кіріс көзі саналып келді. Оны жоюға бірлесіп күш жұмылдырмасақ, жалғыз ауған үкіметінің қауқары жетпейді. Осы ретте, «Талибан» ұйымы өкілдерінің (Қазақстанда тыйым салынған) елде көкнәр өсімдігін өсіруге салған тыйымы оптимистік көзқарас қалыптастырып отыр.