Украинадағы әскери қақтығыстың басталғанына – 44 күн

Украинадағы әскери қақтығыстың басталғанына – 44 күн

Украинада әскери қақтығыстың басталғанына 44 күн болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік Мариупольдегі ахуал күрделі екенін айтады. Қала басшысы жарық жоқ дейді. Тұрғындар тамақты далада от жағып әзірлеуге мәжбүр. Жақында азат етілген Бородянкада үйінділер астынан ондаған адамның жансыз денесі табылды. Билік бұған Ресейді айыптап отыр. 

Украинада Мариуполь мэрі қала жарықсыз қалғанын айтады

Украинада бүгін 10 гуманитарлық дәліз ашылады. Бұл туралы осы елдің вице-премьері Ирина Верещук мәлімдеді. «Жасыл дәліздердің» бірі арқылы Мариуполь тұрғындары эвакуацияланады. Қаланың жаңа мэрі Константин Иващенконың айтуынша, әскери іс-қимыл басталмай тұрып мұнда халық саны 600 мың болған. Алайда қазір шаһарда солардың жартысы ғана қалған. Иващенко қарулы қақтығыстан Мариупольде 5 мыңға жуық бейбіт тұрғын көз жұмғанын хабарлады. Айтуынша, қалада қазір жарық жоқ. Сорғы стансасы мен кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Елді мекенде тұрғын үй қорының 60-70%-і қираған. Шаһар басшысы қазір 50-60 мыңдай тұрғын жертөледе жасырынып жүргенін мәлімдеді.  

Ресей Мариупольге гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, ауыз су мен дәрі-дәрмек жеткізген. «Марш мира – детям Мариуполя» жобасының ұйымдастырушысы Дмитрий Исаенконың айтуынша, қазір қаладағы балаларды Ресейдің ең үздік шипажайларына жіберу жағы қарастырылып жатыр.   

Светлана, Мариуполь тұрғыны:

– Бізге гуманитарлық көмекпен сұлы, сұйық май секілді азық-түлік жеткізілді. Үйде кішкентай бала бар. Жүктің ішінде оған сыйлық салынған екен. Қазір тұрғындар тамақты үйде емес, далада от жағып, сонда әзірлеуге мәжбүр. Жарылыстан кейін үйім күл-талқан болды. Үстімдегі бір қабат киіммен ғана қалдым.