Африканы 40 жылда болмаған қуаңшылық жайлады

Африканың солтүстік-шығысын алапат қуаңшылық жайлады. Мамандар бұл кейінгі 40 жылда болмаған жағдай екенін айтады. Өңір халқы негізінен ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп табыс табады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан құрғақшылықтан көп адамның тұрмысы нашаралап кеткен. Жануарлар жаппай қырылып жатыр. Он мыңдаған адам климаттық босқынға айналды. Яғни олар үйлерін тастап, суы мен шөбі мол жерге көшіп кеткен. Бір ғана Сомалидің өзінде былтыр қазаннан бері 600 мың адам табиғат апатына байланысты қоныс аударуға мәжбүр болған. БҰҰ-ның өкілдері сұмдықтың бәрі әлі алда дейді. Биыл жазда жағдай одан да бетер ушығып кетуі мүмкін деген күдік бар. Қазіргі ахуалдан 15 млн адам зардап шегіп отыр. Солардың дені – Эфиопия тұрғындары. Бүгінде қуаңшылық салдарынан Африканың солтүстік-шығысында жасы әлі 5-ке толмаған бір жарым млн-ға жуық бүлдіршін тойып тамақ ішпей жүр.  

Махамед Шафи, аурухана басшысы:

– Мұндай алапат қуаңшылықты көрмегенімізге ондаған жыл болды. Одан бәріміз де зардап шегіп отырмыз. Алайда балаларға қатты жанымыз ашиды. Әсіресе жасы әлі 5-ке келмеген бүлдіршіндерге обал. Жарты жыл бұрын күн сайын ауруханаға 5 бала түссе, қазір олардың саны 3 есе артты. Яни бүгінде күнделікті шамамен 15 балақайды қабылдаймыз.

ЧИЛИДЕ СУ ҮНЕМДЕУ ШАРАЛАРЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Қуаңшылық зардабын Латын Америкасының халқы да тартып отыр. Мәселен Чили астанасы Сантьягода өткен қыс,, кейінгі 22 жылдағы ең құрғақ қысқа айналған. Жауын-шашын тапшылығы 71 %-ке жеткен. Сондықтан қала басшылығы тіршілік нәрін қатаң үнемдеу шараларын енгізді. Билік шаһардың 5 млн-нан аса тұрғынына суды өшіру оқиғалары жиілейтінін ескертеді. Кейде ол бір тәулікке дейін болмауы мүмкін. Чилидегі алапат қуаңшылық 2010 жылдан бері жалғасып келеді. Мамандар оның бір себебі климаттың өзгеруі екенін айтады. 

АҚШ-ТА ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚАУПІ АРТЫП БАРАДЫ

Америкалықтарға да қуаңшылық маза бермей отыр. Калифорния көлдеріндегі су деңгейі рекордтық көрсеткішке дейін төмендеген. Мамандар мұның бәрі орман өртінің қаупін арттыра түсетінін айтады. Ал Техас штатының 2011-2014 жылдар аралығында рекордтық құрғақшылықтан зардап шеккені белгілі. Сарапшылар биыл сол жағдай қайталануы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Өйткені жергілікті көлдерде судың айтарлықтай төмендеуі байқалады. Мамандар мұның бәрі жаһандық жылынумен байланысты дейді. Жалпы табиғат апаттары АҚШ бюджетіне жыл сайын 2 трлн доллар шығын келтіруі мүмкін деген болжам бар.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева