Құдыстағы қақтығыстан 31 палестиналық жараланды – Таяу Шығыс

Құдыстағы қақтығыстан 31 палестиналық жараланды – Таяу Шығыс

Иерусалимде Израиль мен палестиналықтар арасындағы қақтығыс қайта ушықты. Соның салдарынан бүгін ондаған адамның зардап шеккені белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құдыстағы Әл-Ақса мешіті маңында Израиль күштері мен палестиналықтар арасында ірі қақтығыс болды. Соның салдарынан 31 жарақат алды. Бәрі палестиналық. Олардың 14-і қазір ауруханада. Дәрігерлер 2 адамның ауыр халде жатқанын айтады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Израиль полицейлері таңғы намаздан кейін 200-ге жуық мұсылманның ортасына келіп, шулы гранатамен және резеңке оқпен шабуыл жасаған. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар сарбаздарға қарсы тас лақтыра бастаған. Айта кетейік, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс соңғы күндері өршіп тұр. Екі тарап жағдайдың ушыққанына бір-бірін айыптайды.

ЛОКДАУН РЕЖИМІ КҮШЕЙТІЛДІ

Қытайдың Шанхай қаласында коронавирусқа қатысты шектеу шаралары күшейтілді. Енді елдің ең ірі қаржы орталығында тұрғындардың себепсіз сыртқа шығуына тыйым салынады. Рұқсат тек медицина мамандары мен волонтерлерге ғана берілген. Инфекцияның таралуын азайту мақсатында шаһар билігі қазір карантинге жабылған азаматтарды қатаң бақылауға алып жатыр. Ол үшін оқшауда қалған азаматтардың үй есігіне элекронды дабыл орнатылуда. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді түгел дезинфекциялау үшін азаматтарды эвакуациялау жұмыстары да қолға алынған. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдай коронавирусты толығымен жойғанша жалғасады.