Коронавирустан өлім бойынша жаңа рекорд – Қытай

Коронавирустан өлім бойынша жаңа рекорд – Қытай

Шанхайда бір тәулікте 51 адам коронавирустан қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың орта жасы – 81, арасындағы ең үлкені жүзге толған еді. Төртеуі ковидтен екпе алған екен. Барлығында жүрек жеткіліксіздігі, диабет, онкология, инсульт салдары секілді қосалқы арулуары болып, ақырында бұл өліміне себеп болған. Жалпы 18 сәуірден бері шаһарда бұл дерттен 138 адам қайтыс болды. Еске салып кетсек, Шанхайда індет наурыз айында дендеп кетті, ал 5 сәуірде қалада толық локдаун жарияланды. Соңғы кезде бірқатар тұрғын кешендерінде сыртқа шығуға рұқсат етіліп, бірқатар ірі кәсіпорындар жұмысын қайта бастады. Ұзақ мерзімді оқшауға қарамастан, күн сайын көп науқас анықталып жүр. Соңғы бір тәулікте 19 жарым мың науқас тіркелді. Оның 17 мыңында ауру белгілері байқалған жоқ.

Чжао Даньдань, Шанхай денсаулық сақтау істері бойынша комитет жетекшісінің орынбасары:

– 26 сәуірде қаладағы бүкіл аудан тұрғындарының арасында толық скрининг өткізе бастаймыз. Бұл күндері жаңбыр жауады деген болжам бар, яғни дәрігерлердің жұмысын қиындата түседі. Скринингті қауіпсіз әрі жүйелі түрде өткізу үшін дезинфекция және өзге де жұмысты күшейтеміз. Үйде жасалған антигент тесті немесе бірнеше адамның жағындысы жиналған бір пробирка оң нәтиже көрсетсе, медиктер бұл тұрғындардың пәтерлеріне барып тексереді. Оларға өзге тұрғындар секілді ПТР-тест тапсыру үшін аулаға шығуға болмайды.