Испания ғашықтар күнін кең көлемде атап өтті

Испанияда «Сан Жорди» деп аталатын ғашықтар күні кең көлемде тойланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испанияның барлық қаласы гүлмен көмкеріліп, ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Корона індетіне байланысты бұл мереке екі жыл өткен жоқ. Биыл ғашықтар күнін испан халқы жақсылап атап өтті. Аңыз бойынша сонау төртінші ғасырда Испанияның дәл осы Монблан қаласында азулы айдаhар өмір сүріпті. Жергілікті халықтың үрейін алып біткен жер бетіндегі соңғы айдаhарды Георгий деген батыр жеңіпті де, қан төгілген жерге раушан гүлі өсіпті. Осынау әдемі гүлді батыр ер ханшайымға сыйлайды. Содан бері каталония халқы ғашықтар күнін ауқымды түрде атап өтеді: театрландырылған қойылым әрі мергендік өнер дәріптеледі. Ер азаматтар сауыт асынған батырға, ханымдар ханшайымға айналып, көне қала көркем келбетімен ерекшеленеді.

Лусия, Монблан қаласының тұрғыны:

Мен үшін бұл мерекенің маңызы зор, бұл күні көне тарих кейіпкерлері қайта тіріледі. Қаладағы ер азаматтар айдаһарды жеңген батырға айналады.

Аңыз қала – Монбланнан бөлек, ел астанасы – Мадрид әрі Барселона қаласы бұл күні гүлмен әрленеді және қаланың орталық көшелерінде ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылады. Дәл осы күні ер азаматтарға әйел адамдар кітап сыйлауды әдетке айналдырған.

Карла, Монблан қаласының тұрғыны:

– Сан Жорди мерекесінде әр әйел адам өзін ханшайым сезінеді, өйткені дәл осы қаладағы таудың үңгірінде батыр айдаhарды жеңіп, сезімін дәлелдейді.

Әдетте Испанияда бір тал раушан гүлі шамамен екі еуро тұрады, ғашықтар күнінде дәл осындай бір тал гүлдің бағасы 15-20 еуроға дейін шарықтай түседі. Екі жыл корона індетіне байланысты тыйым салынған ғашықтар күні биыл Испания бойынша кең көлемде атап өтілді. Жауған жаңбырға қарамастан медициналық бетпердесіз көше мен кафелерде емін-еркін қыдырған халықтың санында есеп болған жоқ. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Даниел Рогач