Зеленский МАГАТЭ басшысымен кездесті – Украина

Украина президенті Владимир Зеленский Атом қуаты халықаралық агенттігінің бас директоры Рафаэль Мариано Гроссимен жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар аймақтағы ядролық қауіп мәселесін көтеріп, Украинадағы Чернобыль атом электр станциясындағы жағдайды да кеңінен талқылады. Владимир Зеленский Ресей тарапынан төнген қауіп Украинаға ғана емес, әлем елдеріне де үлкен қатер төндіріп тұрғанын ескертті. Сонымен қатар Мәскеуді атом энергетикасын қаруға айналдыруына, әрі ядролық қарумен сес көрсетуге құқығы жоқ екенін айтты. Өз кезегінде МАГАТЭ басшысы екі жақты ынтымақтастықты нығайтып, алдағы уақытта Украинаға көмек көрсетіледі деп уәде етті. 

Рафаэль Гросси, МАГАТЭ басшысы:

– Чернобыльды қалпына келтіру бойынша арнайы жұмыстар атқарылатынына келістік. Соңғы бірнеше аптада қираған инфрақұрылым қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстар өзге өңірлерде де атқарылатын болады. Қираған аймақтарды өз көзіммен көріп шықтым, жақын арада МАГАТЭ ұйымына тиісті есеп беріледі.