Өзбекстанда хорезм биінен байқау өтті

Қазақтың қара домбырасы секілді хорезм биі де Юнеско тізіміне енген мәдени мұра. Оны бауырлас ел ерекше қастерлейді. Өзбекстанның бірде-бір мерекесі лязги биінсіз өтпейді. Жеті жастағы баладан жетпістегі қарияға дейін біледі. Арт әлемі туындысының тамыры Хорезм өңірінен басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзбекстандық өнерпаз Хулкар Абдуллаева лязги биінің негізгі қимылын асқан шеберлікпен орындайды. Саусақ – дыбысын  шығару әркімнің қолынан келе бермейді. «Тек хорезмдіктерге тән қасиет», - дейді ол.

Хулкар Абдуллаева, өнерпаз:

Мұны біз «карс» дейміз. Кішкене кезімізден аналарымыз үйреткен. Басқалар бұл дыбысты шығара алмауы мүмкін. Лязгидің ерекшелігі осында. Жалпы хорезм биіне қатысты аңыздар көп. Соған сүйенсек, құдереті күшті дер едім.Тек осы өлкеде туып-өскендер жақсы біледі.

Хорезмдіктер өзіндік би өнерімен ғана емес, рухани болмысымен де ерекше. Өзбек тіліне ұқсамайтын диалектісі бар. Мұнда өмір сүретін халық тарихқа асқан ыждахаттылықпен қарайды. Соның айқын көрінісі – ежелгі Хиуа шаһары. Бүгінгі күнге дейін бәз қалпында сақталған көне жәдігер, аспан астындағы тұтас музей дерсіз. Сан ғасырлық деректі өн бойына бүгіп жатыр. Туристік әлеуеті арқылы әлемге танымал. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жергілікті билік алғашқы халықаралық би фестивалін ұйымдастырды. 30-ға тарта мемлекеттен өнер иелері жиналды.

Қазақ би өнері тарихының тамыры да тереңде жатыр. Шара Жиенқұлова бастаған жолды жалғаушы заманауи хореографтар көп. Байқауда сынға түскен «Ақ кербез» би ансамблі ұлттық өрнегімен ерекшеленді.

Аида Смағұлова Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі:

Әрине ең бірінші біздің ұлттық ұлттық құндылығымыз. Дәстүрімізді дәріптеу болып саналады. Бұл фестивальға 4 биді алып келдік. Бұл әр мемлекеттердің бір-біріне деген достығы, қатынасы осы өнер арқылы деп білемін.

Жамбылдық би ұжымы қазақ фольклорына негізделген қойылым ұсынып қана қоймады, хорезм биін де орындап, жергілікті көрерменді тәнті етті. Бұл өнерде еш шекара жоқтығының белгісі. Кез келген елдер арасындағы байланыс осындай рухани серпіліспен өрбиді. Қазақ пен өзбек бұрыннан дос халық. Ал «Лязги» фестивалі осы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түспек. Хиуа шаһары  – ұлы  дала перзенттерінің ізі қалған мекен. Фестиваль қонақтары қаланың арғы-бергі тарихымен танысып, Шерғазы хан, Бекет ата, Қоңыр сопы сынды тұлғалардың өмір жолына үңіле алады. Музейлерде қазаққа қатысты құнды деректер сақталған.

Гаухар Матякубова, хореограф:

Хорезм жері тарихқа бай өлке. Сан түрлі ұлысты ерте заманнан бері бір шаңырақ астына біріктіріп отыр. Ал лязги биі 2019 жылы материалдық емес әлемдік мұралар тізіміне енді. Бұл біздің өлке халқының үлкен жеңісі. Осы арқылы фестивалімізге жер-жерден меймандар келіп, мәдениетімізбен танысып жатыр.

Халықтар арасында рухани елші атанған бишілер сайысы бірнеше күнге созылады. Жүлде қоры 40 мың долларға пара-пар. Гран-при алғандар 7 мың долларға ие болады. Қазақстан, Өзбекстанмен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Еуропа, Оңтүстік Азия және Африка елдерінің би ұжымдары бас жүлдеден үмітті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов